Жойылып бара жатқан жабайы мысықтарды Англияға қайтару қарастырылып жатыр
АСТАНА.KAZINFORM — Британдық табиғатты қорғаушылар Девондағы 50 жабайы мысықты табиғатқа жіберіп, сол арқылы жойылып кету қаупі төнген жануарларды табиғи ортасына қайтарамыз деп үміттенеді. Бұл туралы ВВС агенттігі жазды.
Алайда жабайы табиғаттың тепе-теңдігін бұзу және жабайы мысықтар популяциясын үй мысықтарымен араластыру қауіпі бар.
South West Wildcat Project (Девон, Англия) зерттеушілері бұл мысықтар округте жақсы өседі деген қорытындыға келді. Олар 2028 жылы алғашқы мысықтарды табиғатқа жібереміз деп жоспарлап отыр.
South West Wildcat жобасы Эксетер университетімен бірлесе отырып, Девон тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, халықтың 80% жабайы мысықтарды реинтродукциялауды қолдайтынын анықтады.
Бірақ кейбір жергілікті тұрғындар бұл жануарлардың келуі Девонның қалыптасқан табиғи ортасын өзгертеді деп қауіптенеді.
— Жабайы мысықтар дала тышқандарын жейді дейді. Бірақ дала тышқандары менің үкілерімнің тамағы, сондықтан тышқандар саны азайса, үкілер зардап шегеді, — деп қорқады фермер Оливер Эдвардс.
Оның айтуынша, жыртқыштардың келуі мұнда бұрыннан мекендеген аң мен құсқа зиянын тигізеді.
Эдвардс табиғатты қорғаушылар жабайы мысықтарды табиғатқа жібермес бұрын жергілікті фермерлермен және жер иелерімен кеңесу керек деп санайды.
Жауап ретінде South West Wildcat жобасының өкілі Кэт Джеффс оның қызметкерлері жергілікті тұрғындардың кез келген алаңдаушылығын жоюға тырысады деп уәде берді. Ол сондай-ақ жабайы мысықтардың қайда жіберілетіні әлі анықталмағанын атап өтті. Сондай-ақ олардың популяциясы қарқынды өспейтінін айтты. Өйткені бұл жануарлардың саны аз, әрі олар үлкен аумақта мекендейтін болады.
Оның айтуынша, фермерлер тауықтары мен үй жануарларын түлкі сияқты жыртқыштардан қорғауды үйренгені секілді осы жабайы мысықтардан да қорғайтын болады.
Еске салайық, бұған дейін Ұлыбритания билігі заңды мигранттарға қатысты ережелерді қатаңдататыны туралы жаздық.