«Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» көптомдығы жарық көрді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Түркі академиясы халықаралық ұйымының қолдауымен жарық көрген «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты көптомдық еңбектің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жойылып бара жатқан тілдерді сақтау үшін жасалған өте үлкен еңбек деп есептейміз. Сол арқылы біз тек қана қазақ тілінің, түрік тілінің ғана емес шор, сары ұйғыр, алтай немесе Кавзказдағы, Сібірдегі, Ирандағы, Қытайдағы, жалпы жер жүзінде тарыдай шашырап жүрген азғантай топ өкілдерінің тілдерін қамқорлыққа алып отырмыз. Сондықтан бұл еңбек кезіндегі Қашқаридің еңбегінен кейінгі үлкен жұмыс деп есептеймін. Өйткені, бұлардың барлығы сандыққа салынды, қорғауға алынды, хатқа түсті», - деді кітаптың таныстырылымында сөз алған Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» респбуликалық газетінің басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.


Сонымен қатар шара барысында сөз сөйлеген Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз Қазақстанның түркі әлемінің іргелі мемлекетіне айналуына айрықша үлес қосып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарабаевқа алғысын білдірді.

«Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» еңбегі 2011 жылы біздің университетте бастау алған еді. Енді міне кітап болып шығып отыр. Жойылу қаупіндегі түрлі тілдердің атласы да жасалды. Америка, Германия, Ресей, Украина, Әзербайжан, Түркия, Румыния, Қазақстан ғалымдары бұл еңбектің жарық көруіне сүбелі үлес қосты. Онда ағылшын, түрік, орысша, қазақша және басқа да түркі тілдеріндегі мақалалар қамтылған», - деді Мұса Йылдыз.


Бұл еңбек түркиялық ғалым Суер Екердің ғылыми жетекшілігімен жарық көріп отыр. Сондықтан шара барысында ол да сөз сөйлеп, жобаға әлемнің 26 елінен 130 ғалымның қатысқандығын, барлығы 132 зерттеу топтастырылғандығын атап өтті.

Айта кетерлігі, шара аясында Дархан Қыдырәлі Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз бен түркиялық ғалым Суер Екерді «Түркі дүниесінің ықпалдастығы мен дамуына және түркітанулық зерттеулерге қолдау көрсеткені үшін» академияның құрмет грамотасымен марапаттады.