АСТАНА. 12 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы ІІМ-нің Жол полициясы комитеті барлық жүргізушілерге 20 қарашада жол-көлік оқиғасы құрбандарын еске алу күні аясында ынтымақтастықты және қолдау белгісі ретінде автокөліктер фарының жақын жарығын қосып, түсте (жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де) автомобильдің дыбыс беру сигналын басуға шақырады.
Жол полициясы комитетінің мәліметіне қарағанда, жолдағы оқиғалар жыл сайын әлемде миллиондаған адамдарды өлтіреді және мүгедек етеді. Қазақстанда жыл сайын 3 мыңнан астам адам қаза болады, тағы да 14 мыңы жарақаттанады.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қараша Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасы (ЖКО) құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді. Жыл сайын Қазақстанда және әлемде БҰҰ Резолюциясына сәйкес қарашаның үшінші демалыс күні - Дүниежүзілік ЖКО құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленеді.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.