ЖРВИ-дің 544 мыңнан астам жағдайы тіркелді - ДСМ

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қыркүйекте республикада жіті респираторлық вирустық инфекцияның 544 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бұл туралы ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты.

«ЖРВИ мен тұмаудың жыл сайынғы эпидемиологиялық маусымы басталды. Жыл сайын республикада ЖРВИ-дың 4-5 млн жағдайы және тұмаудың 2 мыңға дейінгі жағдайы тіркеледі. Министрлік тұмау мен ЖРВИ-дің эпидемиологиялық жағдайына апта сайын мониторинг жүргізеді. Биыл қыркүйекте республикада ЖРВИ-дің 544 368 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың қыркүйек айымен салыстырғанда 27 пайызға төмен екені байқалады», - деді Сархат Бейсенова Орталық сайлау комиссиясындағы брифингте.

Оның дерегінше, соңғы аптада республикада ЖРВИ-дің 171 532 жағдайы тіркелді. Өткен аптамен салыстырғанда ЖРВИ жағдайы 9 пайызға төмендеген.

«Тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Тұмаудан басқа Қазақстанда тұмауға жатпайтын вирустар да таралуда. Басқа да тұмау емес инфекцияларға қыркүйек айында 388 сынама зерттелді. 137 сынамада оң нәтиже анықталды. Оның ішінде риновирус – 49 (оң нәтижелердің 36%-ы), бокавирус – 35 (26%), парагрипп – 25 (18%), аденовирус – 17 (12%), РС вирусы – 7 (5%), басқа вирустар - 4 (3%)», - деді комитет төрағасы.