17:50, 21 Мамыр 2009
ЖШС директоры шикі мұнайды жеткізіп берем деген желеумен 82,8 млн. теңгені жымқырған
АЛМАТЫ. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат – Алматы қаласының экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті И. деген азаматқа қарсы ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөлімінің «б» тармағы – «Жалған кәсіпкерлік» бойынша және ҚР Қылмыстық кодексінің 222-бабының 1-бөлімі – «Ұйымдардың салық төлеуден жалтаруы» бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ол М. деген азаматпен алдын ала ымыраласып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға ниет танытпай және мүліктік пайда алу мақсатында «Nobilis Trading Company» ЖШС тіркеген. Оның мемлекетке салық төлемеу түріндегі келтірген зияны 10,6 млн. теңгені құраған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Nobilis Trading Company» ЖШС директорына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабының 3-бөлімінің «б» тармағы ? «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол екі ЖШС директорының сенімін теріс пайдалана отырып, шикі мұнайды жеткізіп берем деген желеумен бір директордың 82,8 млн. теңге сомасын бойына сіңіріп кеткен.