ЖСН беру мерзімі 2012 жылдың қаңтарына дейін ұзартылады

АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ ЖСН беру мерзімі 2012 жылдың қаңтарына дейін ұзартылады. Осыған орай, бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне идентификациялық нөмірлер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ЖСН енгізілуіне, оны беру мерзімінің аяқталуына байланысты жұртшылық арасында біршама қобалжулар орын алғаны белгілі. Бұндағы басты мәселе «Идентификациялық нөмірлер туралы» заң 2007 жылы күшіне енген болатын, қолданыстағы осы заңда ЖСН беру мерзімі 2010 жылғы тамыздың 13-інде аяқталады деп жазылған. Алайда, қазіргі жағдай оған кереғар болуда. Осыған орай, депутаттар осы заң жобасында ЖСН енгізу мерзімін 2012 жылғы қаңтардың 1-іне дейін ұзарту туралы норма ұсынып отыр», деді заң жобасына бастамашылық жасаған депутаттың бірі Ирақ Елекеев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жеке куәлігінде және төлқұжатында Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ азаматтар биылғы жылғы тамыздың 13-іне дейін әділет органдарына немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, құжаттарын ауыстырулары қажет болатын. Енді Парламент қабылдаған заң аталған мерзімді 2012 жылдың қаңтарына дейін ұзартып отыр.