Жіті ішек инфекциясына шалдыққандардың 71%-ы — балалар

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Қазақстанда тіркелген жіті ішек инфекциясы жағдайларының 71 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне тиесілі.

Фото: ОКҚ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, жіті ішек инфекциялары жаз мезгілінде жиі кездесетін жұқпалы аурулардың бірі. Аптап ыстықта инфекция қоздырғыштары жылдам көбейетіндіктен, жеке бас гигиенасы сақталмаса, тағам дұрыс сақталмаса немесе сапасыз су пайдаланылса, ауру жұқтыру қаупі артады.

— Жыл басынан бері елімізде жіті ішек инфекциясының 7,5 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12 пайызға төмен. Науқастардың 71 пайыздан астамы — 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде 18 пайызы — бір жасқа толмаған сәбилер. Бұл балаларды күту кезінде және тағам әзірлеу барысында санитариялық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтаудың маңызды екенін көрсетеді, — деді Сархат Бейсенова.

Спикердің сөзінше, әрбір тіркелген жағдай бойынша инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеуге бағытталған індетке қарсы шаралар жүргізіледі.

Эпидемиологиялық зерттеу барысында науқастармен байланыста болған 3 167 адам тексерілді. Инфекцияның таралуына әсер еткен ықтимал себептерді анықтау үшін 1 311 тағам сынамасы мен 903 су сынамасы зерттелді.

Бұдан бөлек, санитариялық бақылау аясында ішек таяқшалары тобына 4 223 шайынды және патогенді микрофлораға 7 710 шайынды зертханалық тексеруден өтті.

— Бұл жұмыстар қауіп факторларын дер кезінде анықтауға, инфекцияның жаппай таралуының алдын алуға және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деді Сархат Бейсенова.

Еске салайық, бұған дейін Астанада биылғы алғашқы бес айда жіті ішек инфекцияларымен сырқаттану көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмендегенін жазған едік.