Жұдырығы мықты, талабы таудай Дина

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Дина Жоламанның есімі қазір спортсүйер қауымға жақсы таныс. Шағын ғана ауылдан түлеп ұшқан былғары қолғап шебері, жұдырығы мықты, талабы таудай, арманы асқақ. Дина Жақсы кентінің тумасы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дина Жоламан - былтыр Астана қаласында Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиадаға жолдама сарапқа салынған сайыста алтын медальды жеңіп алып, әлем чемпионы атанған қаршадай қазақ қызы. 67 елден 285 боксшы қатысқан осы дүбірлі додада 54 келі салмақ дәрежесінде сайысқа түскен ақмолалық спортшы қарсыластарының бәрін жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Әйелдер арасындағы бокс бүгінде олимпиадалық ойындар тізіміне енген спорттың ең танымал түрі болып саналады. Динаның бокстағы жолы Жақсы кентіндегі «ТНК агрофирмасының» қолдауымен ашылған Т.Уәлиев атындағы спорт мектебінде басталған. Қыздардың ауыр атлетика, бокс сияқты үлкен күшті қажет ететін спорт түрлерімен айналысуы бүгінде ешкімнің таңданысын тудырмайды. Содан болар, оның бокспен айналысқанына туған-туыстары да қарсы бола қоймаған.

Спортшының әлем чемпионына дейінгі жолы бірден және кездейсоқ самғау арқылы емес, сатылап өсумен және көп тер төге отырып жаттығудың арқасында келді.  Ол бұл табысқа жетуде өзінің бапкері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Высоцкийдің сіңірген еңбегінің зор екендігін ешқашан ұмытпайды. Екі дүркін республика чемпионы болған Дина 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық жарыста бесінші сатыдан көрініп, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы екенін көрсетті. Мұндай дүбірлі жарысқа алғаш қатысқан жас спортшы үшін бұл аз табыс емес. Сондай-ақ, бұл жетістік оған халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алуға ықпалын тигізді.

Астанада өткен жарысқа қайта оралсақ, бұл - дәл Олимпиада ойындары қарсаңында өткен аса жауапты да күрделі сын болған еді. Жарыс жүлдегері Олимпиадаға жолдама да алуы тиіс-тін. Сондықтан спортшылар жеңіс үшін жанын салып бақты. Динаның қарсыластары талай жарыстарда топ жарған кіл мықтылар болды.

Дегенмен, олардың атақ-даңқы, бұрынғы жеңістері жас боксшының бойына үрей ұялата қойған жоқ. Неміс спортшысы Орнелей Вахнерді 3:0 есебімен ұтқан ол қытайлық Айя Шинматоны да сондай есеппен тізе бүктірді. Финалда тағы бір қытайлық Лю Пиапиаоны да 3:0 есебімен анық басымдықпен жеңді. Сөйтіп, еліміз тарихында әйелдер арасында екінші әлем чемпионы атанды.

Өкінішке орай, Дина Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға бара алмады. Өйткені, оның салмағы Олимпиада ойындарына кіретін салмақ өлшеміне енбеді. Олимпиадада әйелдер боксында үш салмақ - 51, 60 және  75 келі салмақтары ғана қарастырылған. Дегенмен, бұл жасындай жарқырап, биікке ұмтылған талантты спортшының жолында тосқауыл бола алмайды. Оны алдында әлі де талай дүбірлі жарыстар күтіп тұр.