Жұдырық ала жүгіретіндерді емдеу керек - Бас прокурор Асанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың айтуынша, бүгінде өз әйелі мен балаларына жұдырық ала жүгіретіндер өздерінің науқас екендерін түсінбейді. Ондай бұзақыларды емдеу керек, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған заңнамада жәбір көрген адамның құқықтарын қорғау шаралары қарастырылған. Алайда сол жәбірді көрсеткен адаммен тиісті жұмысты жүргізу тетіктері жоқ. Осы орайда Бас прокурор қазіргі медициналық айықтырғыштардың орнына псиxологиялық көмек беру орталықтарын ашуды ұсынды.

"Шын мәнінде, агрессор деген ол - ауру адам. Әрине, ол өзі соны мойындамайды. Оның тілі жоқ, әңгімені дұрыс жүргізе алмайды. Ол ешкімді көндіре алмайды, сендіре алмайды. Сосын "тілі жоқ" болғасын ызыланса, жұдырығын ала жүгіреді. Сондықтан ондай адамдарды біз емдеуіміз керек. Тағы айтайын, олар өздерінің ауру екендерін білмейді. Молдовада үш жылдан бері агрессорларға арналған орталық жұмыс істеуде. Онда бұзақы не өз еркімен, не сот арқылы емделеді. Бізге де сондай псиxокоррекциялық қызмет керек. Оған қаражат жоқ дейміз. Бірақ түк пайдасы жоқ медициналық айықтырғыштарға жыл сайын 5 милииард теңге бөліп отырамыз. Одан да олардың орнынан Молдова сияқты псиxологиялық орталықты құрсақ, дұрыс болар еді", - деді Бас прокурор бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған жиында.

Айта кетейік, өз баяндамасын толығымен мемлекеттік тілде жасаған Жақып Асанов өз өмірінен бір оқиға жайында баяндап берді . Бұдан бөлек ол нақты статистиканы келтірді. Елімізде әйел адамдарға қатысты қылмыстардың саны 90 пайызға өсті. Әрбір үшінші қылмыс отбасы жағдайында болды. Өткен жылы 36 әйел және бір бала қайтыс болса, 2 481 әйел мен 851 бала зорлық-зомбылықтың құрбанына айналды. 742 әйел мен кәмелеттік жасқа толмаған 175 жас өз-өзіне қол салды.

Бас прокурордың ойынша, мектепте қажетсіз пәндердің орнына өмірге пайдалы білім беру керек . Сонымен қатар Асанов мырза үйленемін деушілерге арналған міндетті курс енгізуді ұсынды .  Ал әйелін ұрған еркектер алдағы уақытта он тәулікке қамалуы әбден мүмкін .