Жүгері, соя, мақта: Тоқаев ауыл шаруашылығындағы табысты жобаларды атады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беруді тапсырды.

Фото: ҚР АШМ

Президент қазірдің өзінде бұл бағытта табысты жобалар бар екенін атап өтті.

– Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында Қытай компаниясы суды тиімді пайдаланатын заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақытылы қолдау көрсетуі керек, – деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.

Сонымен қатар мұндай заманауи тәсілдерді мал шаруашылығында да жан-жақты пайдаланған дұрыс.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін басшылыққа ала отырып, елімізде 71 тауар-сүт фермасы іске қосылды. Бұл фермаларда жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіріледі.

– Ақмола облысында шетелдің озық тәжірибесіне сай ет кластері құрылып жатыр. Осындай жобаларды қолдауға болады, қажетті жағдай да, қаражат та бөлу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент шаруаларды инвестициялайтын пәрменді тәсіл енгізуді тапсырған еді.

Ол Балқаш АЭС құрылысын келер жылы бастауды ұсынды.

Сондай-ақ Қ.Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін сынға алды.