— Демалыс күні елордадағы сенбілікке 150 мыңға жуық адам қатысты. Жалпы, жыл басынан бері республика бойынша 600-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылып, оған 7 миллион адам үлес қосқан. Осы уақыт ішінде 130 мың гектардан астам аумақ тазартылып, ел бойынша 1,3 миллион түп ағаш егілді. Сенбілік барысында саябақтар, скверлер, өзен айдындары мен тұрғын аумақтар тазаланды, — деді ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Мәселен, елордада плоггинг, яғни жүгіріп жүріп қоқыс жинау сияқты жаңа экологиялық бастамалар кеңінен тарай бастаған.
— Астанада жаңа экологиялық трендтер қолданысқа еніп жатыр. Бұдан бөлек, «Жасыл даму» мекемесі қалдықтарды бөлек жинауға үндеп келеді. Пластик бөлек, макулатура бөлек контейнерлерге салынып жатыр. Өткен жылдан бастап фандоматтарорнатыла бастады. Құрылғы пластикалық ыдыстарды жинауға арналған, — деді спикер.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары жастар мен балаларды да қамтып отыр. Мектеп оқушылары мен жастар еріктілік негізде тазалық шараларына қатысып, табиғатты қорғау бастамаларына белсенді араласуда.
— Жастарға арналған «Экосана» жобасы жүйелі қолдау тауып жатыр. Жылыжайлар соғылып жатыр, онда жасөспірімдерге қоршаған ортаға құрметпен қарау үйретіледі. Тіпті, балабақшалардың өзінде осындай шаралар қолға алынған. Бұған дейін Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық сипатқа ие болғанын атап өткен еді. Бастама қоғамда жауапкершілік қалыптастыруға бағытталған. Осы мақсатта елімізде тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу де ұсынылды. Яғни «Таза Қазақстанның» бір реттік акция емес, күнделікті өмір салтына айналатын күні жақын, — деді ол.
Бұған дейін шетелдіктердің Қазақстан қалаларының тазалығына таңғалғанын жазған едік.