Шектеу білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көліктеріне күн сайын сағат 07:00–ден 22:00–ге дейін Саин көшесі — әл-Фараби даңғылы — Шығыс айналма автомобиль жолы (ШААЖ) — Рысқұлов даңғылы аралығындағы аумақта қолданылады.
Kazinform агенттігі қалалық полиция департаменті мен қала әкімдігіне жүгініп, бұл шараның 2 ай уақыт ішінде қандай нәтиже бергенін сұрады.
Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы өз жауабында аталған шектеу көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыру, қаланың негізгі магистральдық көшелеріне түсетін көлік жүктемесін азайту мақсатында енгізілгенін атап өтті.
— Тыйым салынған аймақ бойынша жүргізушілерді ақпараттандыру мақсатында 3.4 жол белгілері (жүк автомобильдерінің қозғалысына тыйым салынған) орнатылды. Жүк тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілер белгіленген жол белгілерінің және жол қозғалысы ережелерінің талаптарын қатаң сақтай отырып, жүру бағыттарын жоспарлау қажет, — деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар басқарма өкілдері енгізілген шектеудің аймағын кеңейту не қолданыстағы шектеулердің күшін жою жоспарланбағанын атап өтті.
Ал Алматы қаласының полиция департаменті шектеу қандай жүк көліктеріне қатысты екенін нақтылады:
— Ауыр жүк самосвалдары (мысалы, құрылыс материалдарын, қиыршық тас, құм таситын көп осілі «КрАЗ», «МАЗ», «КАМАZ», «Howo», «Shacman» сияқты үлкен жүк көліктері);
— Үлкен фуралар (халықаралық және қалааралық тасымалдаумен айналысатын ұзын тіркемелі жүк көліктері);
— Арнайы техникалар (бетон араластырғыштар — миксерлер, автокрандар, жол жөндеуге немесе құрылысқа арналған ауыр салмақты машиналар).
— «Білікке түсетін жүктемесі 8 тоннадан асатын жүк көлігі» деген ұғым — үлкен, ауыр және салмағы өте жоғары жүк көліктерін білдіреді. Сондықтан шектеу кішігірім газельдерге немесе жеңіл жүк көліктеріне қатысты емес. Егер көлікке тиелген жүкпен қоса алғандағы салмағы жолға 8 тоннадан артық қысым түсірсе, онда бұл көліктерге 07:00–ден 22:00–ге дейін қаланың орталық бөлігіне кіруге қатаң тыйым салынады. Бұл шектеу, ең алдымен, қала жолдарын ауыр салмақтан қорғау және асфальттың мерзімінен бұрын бұзылуын болдырмау үшін қажет, — деп хабарлады департаменттен.
Алматы полициясы қала аумағында жүк көліктерінің қозғалысына енгізілген шектеу талаптарының сақталуына күнделікті бақылау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қазірге дейін жүк көліктеріне қойылған шектеу талаптарын бұзған 3 700-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзған және қаланың көлік ахуалына кедергі келтірген 50-ден астам жүк көлігі арнайы айыппұл тұрағына қойылған.
Полиция мәліметінше, бүгінде шектеу аймағында құқық бұзушыларды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары негізінен патрульдік полиция экипаждарының күшімен жүзеге асырылып келеді. Патрульдік полициясының инспекторлары Саин көшесі, әл-Фараби даңғылы, ШААЖ даңғылы бойындағы кіреберіс жолдар мен түйіскен нүктелерде қызмет атқарады.
— Патрульдік экипаждар рұқсат етілген уақытта (07:00-ден 22:00–ге дейін) көрсетілген аумаққа кірген ауыр жүк көліктерін тоқтатып, олардың жүк көтергіштігін, білікке түсетін салмағын және тиісті рұқсатнамаларын құжат жүзінде тексереді. Ережені бұзған жүргізушілер анықталған жағдайда, патрульдік полиция қызметкерлері дереу ҚР ӘҚБтК-ге сәйкес әкімшілік хаттама толтырып, қажет болған жағдайда көлікті арнайы айыппұл тұрағына орналастырады, — делінген департамент жауабында.
Сондай-ақ полиция аталған шектеудің алғашқы нәтижелері бірқатар оң өзгерісті көрсеткенін атап өтті. Оның ішінде негізгі магистральды көшелерде көлік қозғалысының тығыздығы айтарлықтай төмендеген. Әсіресе таңғы және кешкі қарбайын сағаттарында көліктердің жүрісі жеңілдеген. Ауыр жүк көліктерінің қатысуымен болатын апаттардың саны азайып, жол қауіпсіздігі деңгейі артқан.
— Қала аумағында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың жайлы өмір сүруін бақылау жұмыстары полиция департаментінің тұрақты бақылауында, — деп атап өтті департаменттен.
Еске салайық, «ҚазАвтоЖол» жүк көлігінің салмағын өлшеуден жалтарғандарға жауапкершілік енгізуді ұсынды.