Жүкті әйелді зиянды жұмысқа тартуға бола ма: Декретке шығардың алдында нені білу керек

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Жүктілік кезеңі мен бала күтімі – әйел өміріндегі ерекше уақыт. Осы ретте, болашақ аналар мен сәбилі әйелдердің еңбек құқығына қатысты сұрақтары да аз емес. Жұмыс беруші жүкті қызметкерді жұмыстан шығара ала ма? Бала күтімімен әкесі де үйде отыра ала ма? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінен жауап берді.

Фото: Freepik

Декреттік төлем қалай есептеледі?

Қазақстан заңнамасында жүкті әйелдер мен сәбиі бар ата-аналардың еңбек құқықтарын қорғауға арналған бірқатар кепілдік қарастырылған. Оның ішінде жұмыс орнын сақтау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және бала күтіміне байланысты демалыс беру талаптары бар.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, жүкті әйелдерге және балалы қызметкерлерге бірнеше түрлі демалыс беріледі. Олар – жүктілікке және босануға байланысты демалыс, жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлерге арналған демалыс, бала үш жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс.

Ең маңыздысы – бала күтіміне байланысты демалыс кезінде қызметкердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталады. Яғни әйел декреттік демалыстан кейін бұрынғы жұмысына оралуға құқылы.

Мұндай демалыс қызметкердің жазбаша өтініші негізінде беріледі. Өтініште демалыс мерзімі көрсетіліп, баланың туу туралы куәлігі немесе туу фактісін растайтын өзге құжат ұсынылуы қажет.

Жас аналарды жиі толғандыратын мәселелердің бірі – бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері.

Әлеуметтік кодекске сәйкес, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін азаматтарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері бала туған күнге дейінгі соңғы 24 айдағы орташа айлық табыстың 40 пайызына тең. Есептеу кезінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыс ескеріледі. Бұл ретте есепке алынатын айлық табыс жеті ең төменгі жалақыдан аспауы тиіс.

Тағайындалған төлемнен 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотқа аударылады.

Төлем алу үшін бала туған күннен бастап 18 айдан кешіктірмей өтініш беру қажет. Өтінішті электронды үкімет порталы арқылы жолдауға болады.

Ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын азаматтарға бала кезектілігіне қарай мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері бірінші балаға – 5,76 АЕК, екінші балаға – 6,81 АЕК, үшінші балаға – 7,85 АЕК, төртінші және одан кейінгі балаларға 8,90 АЕК құрайды.

Зиянды жұмыста жүрсеңіз...

Жүктілік кезінде әйелдің денсаулығы мен баланың қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек. Сондықтан заңнамада зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғау тетіктері қарастырылған.

Департамент мамандарының түсіндіруінше, медициналық қорытынды негізінде жұмыс беруші жүкті әйелді зиянды және қауіпті өндірістік факторлар әсер етпейтін басқа жұмысқа ауыстыруға міндетті.

Бұл жағдайда жалақы орындалатын жұмысқа сәйкес төленеді. Алайда ол бұрынғы қызметіндегі орташа жалақыдан төмен болмауы тиіс.

Егер жүкті әйелге қауіпсіз жұмыс бірден ұсынылмаса, жұмыс беруші оны орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыс міндеттерін орындаудан босатуға тиіс.

Ал вахталық әдіспен жұмыс істейтін, жүктілігі 12 аптаға жеткен әйел медициналық анықтама негізінде бес немесе алты күндік жұмыс аптасына уақытша ауыстырылуы мүмкін. Мұнда да бұрынғы орташа жалақысы сақталады.

Артық жұмысқа тартуға бола ма?

Жүкті әйелдердің еңбек режиміне де заңмен шектеу қойылған. Атап айтқанда, жүктілігі туралы медициналық анықтаманы жұмыс берушіге ұсынған әйелдерді түнгі уақытта және үстеме жұмысқа тартуға жол берілмейді.

Бұл талап әйелдің денсаулығын қорғауға және жүктілік кезеңінде оған түсетін еңбек жүктемесін азайтуға бағытталған.

Кейбір әйелдер жүктілігі туралы хабарлағаннан кейін жұмысынан айырылып қалудан қауіптенеді. Алайда заңнамада оларды негізсіз жұмыстан шығаруға жол бермейтін арнайы кепілдіктер бар.

Атап айтқанда, жұмыс берушінің бастамасымен қызметкерлер санының немесе штаттың қысқаруына, өндіріс көлемінің, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің төмендеуіне байланысты экономикалық жағдайдың нашарлауына орай еңбек шартын бұзуға мына санаттағы қызметкерлерге қатысты тыйым салынған:

- Жүктілігі туралы анықтаманы ұсынған әйелдерге;

- Үш жасқа дейінгі баласы бар әйелдерге;

- Он төрт жасқа дейінгі баланы немесе он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ата-аналарға;

- Аталған санаттағы балаларды ата-анасыз тәрбиелеп отырған өзге де адамдарға.

Демек, жұмыс беруші қызметкерлерді қысқарту немесе экономикалық жағдайдың нашарлауын негізге алып, аталған санаттағы адамдармен еңбек шартын бұза алмайды.

Демалысқа әкесі де шыға алады

Бала күтімі тек ананың міндеті деген түсінік заңнамада бекітілмеген. Еңбек кодексі бойынша мұндай демалысты ата-ананың екеуінің бірі таңдай алады.

Яғни бала үш жасқа толғанға дейін оны күтуге байланысты жалақысы сақталмайтын демалысқа анасы да, әкесі де шыға алады.

Сонымен қатар мұндай құқық:

- Баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;

- Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына немесе қамқоршысына;

- Жаңа туған баланы асырап алған қызметкерге де беріледі.

Декреттен кейін қызметіне орала ала ма?

Бала күтіміне байланысты демалыс аяқталған соң әйел бұрынғы жұмысына оралуға құқылы. Себебі заң бойынша демалыс кезінде оның жұмыс орны мен лауазымы сақталады.

Осылайша, жұмыс беруші қызметкердің декреттік демалыста болғанын сылтау етіп, оны бұрынғы қызметінен айыра алмайды.

Құқығы бұзылып жатса...

Егер жұмыс беруші жүкті әйелдің немесе ананың еңбек құқығын бұзса, заңсыз талап қойса, қысым көрсетсе немесе еңбек заңнамасында көзделген кепілдіктерді орындамаса, қызметкер тиісті органдарға шағымдана алады.

Атап айтқанда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне жүгінуге болады.

Түйін

Қорыта айтқанда, жүктілік пен бала күтімі әйелдің еңбек жолына кедергі болмауы керек. Қазақстан заңнамасы бұл кезеңде жұмыс орнын сақтаудан бастап, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге дейінгі бірқатар кепілдікті бекіткен. Сондықтан әр әйел өз құқығын біліп, ол бұзылған жағдайда заң аясында құқығын қорғауға құқылы.

Еске салсақ, бұған дейін жұмыс істейтін әйелдердің декреттік төлемі сақталатындығы хабарланған.