Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, ана өлімінің себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына басқарма басшысының емдеу ісі, ана мен бала денсаулығы жөніндегі орынбасары, облыстық көпбейінді аурухана жанындағы Перинаталдық орталықтың директоры әрі штаттан тыс бас акушер-гинеколог, сондай-ақ терапевт, хирург, анестезиолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, сарапшы дәрігер және заңгер енгізілген. Комиссия жұмысы сот-медициналық сараптама қорытындысы шыққаннан кейін аяқталады.
Сонымен қатар, СҚО бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаменті медициналық көмектің сапасына қатысты тексеруді бастаған.
Оқиға болған Жамбыл аудандық ауруханасының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында жолдардың жай-күйіне байланысты науқастарды тасымалдау уақыты ұзарған үш жағдай тіркелген. Соған қарамастан, барлық пациенттер аудандық ауруханаға уақытында жеткізіліп, қажетті медициналық көмек алған.
- Осы оқиғадан кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы бірқатар алдын алу шараларын қолға алды. Атап айтқанда, облыстық көпбейінді аурухана жанындағы Перинаталдық орталықта шалғай ауылдарда тұратын жүкті әйелдерге арналған «Салауатты ана» пансионаты жұмыс істейді. Мұнда босануға жақындаған әйелдер уақытша орналаса алады.
Сондай-ақ, басқарма облыс әкімдігіне Жамбыл ауданындағы Благовещенка- Пресновка автожолының жағдайын жақсарту қажеттігі туралы ресми хат жолдады, - дейді басқарма басшысының орынбасары Нұриля Қасенова.
Денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сәйкес, былтыр өңірде ана өлімінің бір жағдайы тіркелген. Биыл да бір ана өлімі тіркеліп отыр.
Сондай-ақ ведомство облыстағы нәресте өліміне қатысты мәліметті де берді. 2025 жылы СҚО-да 4 684 сәби дүниеге келді. Нәресте өлімі көрсеткіші 1 000 тірі туған балаға шаққанда 6,32 промилле болған. Бұл шамамен 30 сәбидің бір жасқа толмай шетінегенін білдіреді. Ал 2026 жылдың алғашқы бес айында көрсеткіш 6,85 промиллеге дейін өскен. Денсаулық сақтау басқармасы нәрестелер өлімінің негізгі себебі перинаталдық кезеңде туындайтын асқынулар екенін атап өтті.
Бұған дейін СҚО Жамбыл ауданында 34 жастағы жүкті әйелдің жолда қайтыс болғандығы туралы жазған едік.