Жүкті аналарға кеңес беретін кітаптың тұсаукесері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада журналист Жанар Көбекбайдың «Ана бақыты немесе жүкті әйелге арналған күнделік» атты кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.

Шара барысында кітаптың авторы Ж.Көбекбай идеяның қалай туындағанын, кітапты жарыққа шығаруға не итермелегенін ортаға салды. «Өзім жүкті кезімде әрбір аптаны толық сипаттап беретін, баланың дамуы мен болашақ ана күтімі туралы жазылған ана тілімізде бірде-бір әдебиет таппадым. Кітап былай тұрсын, қарапайым ақпараттың болмауы мені қынжылтты. Осы бір ақтаңдақтың кесірінен біз еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан қазақ тілді аналар аудиториясының сұранысына еш ұсыныс жасай алмаудамыз. Міне, осы олқылықтың орнын сәл де болса толтырып, теңізге тамған тамшыдай өз үлесімді қосып, жүктілік кезімде жазылған дүниемді ұсынып отырмын» - дейді автор.

Сонымен қатар ол басылымның мобильді нұсқасы шығатынын айтып өтті.

Келесі кезекте сөз алған кітаптың медициналық рецензенті, тәжірибелі дәрігер Алмаз Ибрагимов бұл кітап әрбір жүкті әйелде болуы тиіс деп санайтындығын жеткізді. «Ол өте жеңіл, медициналық тұрғыдан дұрыс әрі қызықты жазылған. Дәрігерлер кейде қиындатып жіберетін тұстарын автор барынша түсінікті тілмен жеткізген. Кітап кең аудиторияға арналған, әрі егіздердің аналарына жазылған өмірден алынған таптырмас ақпараттар да бар. Бұл - кітаптың бірегейлігі деп ойлаймын», - деген пікірін білдірді ол.