Жүкті әйел мен оның баласын қағып кеткен салықшы 7 жылға көлік жүргізу құқынан айрылды
«Алматы облысы Ұйғыр ауданы Салық басқармасының басшысы Бақыт Құрмашев Әкімшілік соттың қаулысымен ҚР ӘҚК бірнеше бабы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 467-бабының 3-бөлігінде, 468-1-бабының, 469-бабының 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған жаза ретінде 30 тәулікке қамалып, 7 жыл мерзімге автокөлік құралын жүргізу құқығынан айыру белгіленді»,- деді Қуандық Ешімет. Естеріңізге сала кетейік, оқыс оқиға маусымның 23-інде Жансүгіров-Жұмабаев көшелерінің қиылысында орын алған болатын. Мемлекеттік нөмірі В 059 RAN маркалы «Лексус» автокөлігін мас күйінде тізгіндеген салықшы қиылыстан өтіп келе жатқан аяғы ауыр келіншек Малика Чайбырова мен оның 4 жасар ұлын қағып кеткен. Оқиға орнынан бой тасаламақ болған шенеунікті куәгерлер ұстап қалған еді.
Сондай-ақ жол апатына себепкер болған шенеунікке қарсы ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша, яғни 296-бабы, 1-тармағы (ЖҚЕ мен көлікті пайдалану ережесін бұзу), 297-бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерден бой тасалау), 119-бабы (қауіпті жағдайда қалдыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айта кету керек.