Жүкті әйел өзінің үш баласын суға батырмақ болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың 32 жасар азаматшасы өзінің 3, 9 және 10 жастағы үш баласын өлтіруге әркеттенді деп айыпталуда. Белгілі болғандай, әлгі әйел төртінші баласына жүкті болған.

32 жасар Эбона Уилкерсон балаларының әкесімен ұрысып қалғаннан кейін, өзімен бірге жеткіншектерін де суға батыруға бел буған. Ол Атлант мұхитының жағалауындағы тас жолдан бұрылып, көлікті жоғары жылдамдықта суға қарай бағыттаған. Сонымен қатар, әйел осы әрекетінің алдында машинаның есіктерін құлыптап, балаларына «көздеріңді жұмып, ұйықтаңдар» деп бұйрық берген көрінеді.

Абырой болғанда көлік су жағалауындағы құмға батып қалған. Балалардың құтқаруға шақырған айқайын естіген жақында жүрген адамдар оқиға орнына жедел жеткен. Куәгерлердің айтуынша, аталған әйел балаларын көліктен шығаруға талпынған полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен екен.

Қазір ол әйелді жергілікті құқық қорғау органдары қамауға алды, деп жазады шетелдік БАҚ.