Жүкті келіншекке іштегі баланы жарып алу және бастағы ісікті алып тастау оталары қатар жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының тұрғыны 28 жастағы келіншекке мидағы ісікті алып тастау және іштегі шарананы алу оталары бірге жасалды, деп хабарлайды «University Medical Center» короративтік қоры баспасөз қызметі.

Астана қаласында 1988 жылғы келіншек жүктілік бойынша тұрғылықты мекенжайында дәрігерлердің қарауында болған. Қыркүйекте жағдайы нашарлап, басы ауырып, сол жағында әлсіздік пайда болып дерті ушыға түскен. 21 қазанда бас миына компьютерлік томография жасалып, сол жақ самайында көлемді ісік барлығы анықталды. Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жатқызылып, Ұлттық нейрохирургия орталығының мамандарымен бірлесіп, қайта тексерілді. Миына магнитті-резонансты томография жасалып, ісіктің барлығы расталды.          

Науқастың жағдайының ауырлығы ескеріле отырып, ол Ұлттық нейрохирургия орталығына ауыстырылады. Консилиум өткізіліп, екі отаны қатар жасау жөнінде шешім қабылданды.

Сөйтіп, 26 қазанда Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургтері мен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының акушер-гинеколог дәрігерлері бірлесіп, мишықтың ісігі алып тастады және баланы іштен жарып алу отасын атқарды.

Екі операция да сәтті өтіп, салмағы 2260 гр, бойының ұзындығы 46 см болатын қыз бала дүниеге келді. Әрі қарай тиісті көмек көрсету үшін нәресте Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының неонатология бөліміне бірден ауыстырылды. Ал әйелдің жағдайы отадан кейін 7 күннен соң қалпына келіп,  ол да Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына жеткізілді.

Осылайша, еліміздің екі ірі клиникасы - Ұлттық нейрохирургия орталығы мен Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде аман қалып, нәрестелі болған әйел 7 қарашада ауруханадан шығарылып, үйіне қайтады.