Жүктілікті жоспарлап жүрсеңіз, алдымен вакцина алғаныңыз дұрыс – маман кеңесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячаслав Локшин жүктілікті жоспарлап жүрген келіншектерге алдымен коронавирусқа қарсы вакцина салуға кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер жүкті болуды жоспарлап жүрсеңіз, онда аяғыңыз ауырлағанға дейін вакцина салдырып алған дұрыс. Сол арқылы сіз өзіңіздің денсаулығыңызды қорғай аласыз. Әрине, әдетте жас келіншектердің жүкті болатындығын және оларда көп жағдайда коронавирус инфекциясы жеңіл өтетіндігін түсінеміз. Дегенмен, жүктілік кезінде өкпе қабынуы қосылатын болса, онда бұл жайт денсаулыққа үлкен проблема туындатып, тәуекел де арта түседі», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сондықтан ол вакцина алу керектігін баса айтады.

«Вакцинация ауырып қалмаудың немесе аурудың асқынып кетуіне жол бермеудің жалғыз жолы», - деді Вячаслав Локшин.