Жүктілігі үзіліп, мүгедектік алған әйел ауруханадан 5 млн теңге өндіріп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Дәрігерлер жіберген кемшіліктер үшін аурухана миллиондаған теңге өтемақы төлейтін болды, деп хабарлайды Талас аудандық сотының баспасөз қызметі.

Фото: ChatGPT

Жамбыл облысы Талас ауданында талап қоюшы жүктіліктің 10-аптасында аудандық ауруханада «ерте токсикоз» диагнозымен ем алған. Ауыр жағдайына қарамастан, оған толық көлемде және клиникалық хаттамаларға сәйкес медициналық көмек көрсетілмеген. Мерзімінен бұрын шығарылғаннан кейін әйелдің жағдайы күрт нашарлап, осыған байланысты ол облыстық ауруханаға шұғыл түрде жатқызылған, медициналық көрсеткіштер бойынша жүктілік үзілген. Кейіннен талап қоюшыға III топтағы мүгедектік белгіленді. Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексеруімен медицина қызметкерлері тарапынан көптеген бұзушылық анықталды: клиникалық хаттамалардың сақталмауы, тексерулер мен емдеу көлемінің жеткіліксіздігі, бейінді мамандардың консультацияларының болмауы, сондай-ақ медициналық құжаттаманың тиісінше жүргізілмеуі.

Тексеру қорытындысы бойынша аурухана әкімшілік жауапкершілікке, ал дәрігерлердің бірі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, сот жол берілген бұзушылықтар мен талап қоюшының денсаулығының нашарлауы арасында тікелей байланыс бар деген қорытындыға келді. Сот келтірілген зиянды өтеу туралы талап қоюды орынды деп тапты.

— Сот шешімімен жауапкерден азаматша Б.-ның пайдасына 246 мың теңге көлемінде материалдық залал, моральдық зиянның өтемақысы — 5 млн теңге, өкілдің қызметтерін төлеуге жұмсалған шығыстар — 300 мың теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді, — делінген соттың хабарламасында.

Осыдан бұрын Ақмолада суррогат ана сәтсіз жүктілік үшін ақшаны қайтаратынын жаздық.