Жүктілік кезіндегі артериялық гипертензияны зерттеп жүрмін – акушер-гинеколог
Ақтөбелік отбасылардың 80%-ы жүктілікті жоспарламайды. Кейбірі жүкті кезінде обыр дертіне шалдыққанын біліп, ем қабылдауға мәжбүр. Бұл туралы Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жүктілік кезінде қан қысымының көтерілу себебі, оның алдын алу тақырыбын терең зерттеп жүрген Ақтөбе перинаталдық орталық директорының орынбасары Андрей Гайдай айтып берді.
– Қазір жүкті әйелдер арасында қай ауру түрі жиі кездеседі?
– Жүкті әйелдер көбіне преэклампсиямен аурады. Жүрек, бүйрек ауруы, сонымен бірге обыр дертіне шалдыққандары да бар. Жүкті кезде әйелдердің қан қысымы жоғары болады. Ол анаға, балаға да әсер етеді. Ем-дом, дәрі-дәрмек тағайындау кезінде жағдайды бақылау мүмкін болса, жүктілік үзілмейді. Отбасы баланы өмірге әкелуге шешім қабылдаса, дәрігерлер бар күшін салатыны белгілі. Ал егер ана мен баланың жағдайы бақылаудан шығып кетсе, біздің жасаған ем қонбаса, сол кезде жүктілікті үзуге кеңес береміз. Егер жатырдағы бала әлі толық жетілмесе, түсік жасатқан дұрыс. Ал жатырдағы бала жетілсе, айы-күні жетпей босандыруға шешім қабылдаймыз. Биыл 10 айда 7 мыңға жуық әйел босанды. Барлығы 6 974 бала аман-есен өмірге келді. Уақытынан бұрын босану дерегі – 295. Олар 370 сәбиді аман-есен өмірге әкелді. Арасында төртем, үшем, егіздер де бар. Жалпы облыстық перинаталдық орталықта 100 егіз өмірге келді.
– Айы-күні жетпеген сәби мұнда қанша уақыт болады?
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ортақ заңдылығына сай біз де 22 апталық шақалаққа, яғни, салмағы 500 грамм және одан жоғары сәбиге қамқорлық көрсетеміз. Жансақтау бөлімінде күтімін жасап, емі жүргізіледі. Баланың қай аптада өмірге келгені, салмағы өте маңызды. Неғұрлым жоғары болса, соғұрлым мүмкіндік мол. Бізде бір сәби 7 ай бойы осы жерде емделді. Айы-күні жеткенше бақтық десек болады. Оның өкпесі сыр берген кезде облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Онда оңалту шаралары жүргізілді.
– Анасы жанында бола ма?
– Әрине, баланың анасы жанында болады. Олар бала өмірге келген күннен бастап дәрігерлермен бірге бар күтімін жасайды. Ананың аялы алақанынан, мейірімі мен жылуынан артық дүние жоқ сәби үшін. Сондықтан бар үміт соларда. Біз оларды оқытамыз, үйретеміз. Перинаталдық орталықта ғана емес, үйіне оралғанда да балаға алғашқы мединалық көмек көрсете алатын болуы керек. Жедел жәрдем көмегі керек кезді де білуі тиіс. Кейде отбасына оралып, бір аптаға барып келеді. Бірақ көбіне осы орталықта, сәбиінің жанынан табылады. Орталық жүкті әйелдерді босануға дайындайды. Сонымен бірге жас аналар сәбиді бағу, күтімін жасауды меңгереді. Емізуді де үйретеміз.
– Балаларда қандай аурулар көп анықталады?
– Қазір туа бітті аурулар көп. Дегенмен медицина жақсы дамып, жүктілікті үзу көрсеткіштері азайды. Балалар хирургиясы, өзге де сала мамандарының арқасында түрлі дертті емдеуге мүмкіндік бар. Бұрын тізімге көп ауру іліккен, қазір қысқарды. Баланың толыққанды өмір сүруіне дәрігерлер жәрдемдеседі.
– Шақалаққа ота жасала ма?
– Мұнда неонаталды хирургиялық ота жасалады. Тек кардиохирургиялық отаны облыстық балалар ауруханасына жібереміз. Оларда кардиохиргия орталығы бар. Ал бізде жасалатын хирургиялық оталар: жарық, ас қорыту жүйесінің бұзылуы, некроздық энтероколит, өңеш стенозы, өңеш артезиясы, диафрагмальды жарық.
Екіншіден, туабітті инфекция жұқтыру дерегі. Ұрыққа жатырда инфекция жұғады. Салдарынан сәби өмірге ерте келеді. Бір қиыны – адамдар жүктілікті жоспарламайды. Ерлі-зайыпты жалпы тәжірибелік дәрігерге, учаскелік терапевтке, гинекологқа бармайды. Барлық мәселе осы жерде басталады. Адам ауруын емдеп, кейін ғана жүктілікті жоспарлауы тиіс. Пайызбен есептегенде ерлі-зайыптының 80%-ы алдын ала емделу дегенді білмейді. Бұл өте жоғары көреткіш. Анаға да, балаға да кері әсірін тигізеді.
– Қай аудандардан жиі келеді?
– Жүктілігі қиын өтіп жатқан әйелдерді екі перзентхана қабылдайды. Бірі облыстық перинаталдық орталық, екіншісі Ақтөбе медицина орталығындағы перзентхана. Анасының бүйрегі, жүрегі ауырса медициналық орталыққа жібереді. Ал перинаталдық орталыққа ұрық дамуында тежеу болса, преэклампсия анықталса, мерзімінен бұрын босану күдігі басым болса келеді. Аудандарда еш айырмашылық жоқ. Дегенмен халық саны көп Мұғалжар, Шалқар, Ырғыздан жиі келеді. Қазір жүкті әйелдер қатарында жасы үлкен адамдар да көбейіп келеді. Гендерлік саясатқа байланысты деп ойлаймын. Әйелдер ер адамдармен бірге жұмыс істеп, басшылық қызметтерді атқарады. Карьералық өсім бар. Ана болуды кейінге қалдырып, кештеу шешім қабылдайды. Тым көп деп айта алмаймыз. Орташа жас әлі де 19-28 жас аралығында.
– Сөз арасында кейбір әйел обыр дертіне шалдыққанын жүкті кезде бір-ақ біледі деп айттыңыз. Бұл қалай?
– Иә, кейбір әйел өз ауруы туралы білсе де тәуекелге барады. Ал кейбірі ештеңе білмей, жүкті болған соң ғана тексеріліп, анықталғанын естиді. Жүктілікке дайындалса, мұндай болмас еді.
– Баласынан бас тартатын аналар бар ма?
– Балаларын тастап кететін аналар бар, бірақ сирек. Биыл төрт ана баласынан бас тартпақ болады. Үшеуі өз ойынан айныды. Ал біреуі егіздерді сәбилер үйіне тапсырды. Көбінің әлеуметтік жағдайы төмен, жүктілікті жоспарламаған. Жалғызбасты ана, ал кейбірі студент. Студент ата-анасынан қорқып, жасырып жүреді. Біз хабарын беріп, сөйлесеміз, баласын жалғыз қалдырмауды сұраймыз. Нұқып көрсеткеннен гөрі көмектесуін өтінеміз.
– Осы салады жұмыс істеп жүргеніңізге қанша жыл болды?
– 12 жыл болды. Жұмысты №2 қалалық емханада учаскелік дәрігер болып бастадым. Кейін облыстық перинаталдық орталықта акушер-гинеколог болдым. Сонымен бірге 8-9 жыл бойы Қарғалы қалалық ауруханасында еңбек еттім. 2021 жылы осында келіп, биыл қыркүйекте директордың орынбасары қызметіндемін. Сонымен бірге қазір мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде кафедра доцентімін. 2019 жылы дисертация қорғадым. PhD деңгейі. Мен тек ұйымдастырушы, акушер-гинеколог емес, ғылыммен де айналысамын. Студенттерге дәріс беремін. Тағы екі ғылыми жобам да бар. Бірін Ғылым және жоғары білім министрлігі, екіншісін жоғары оқу орны қаржыландырады. Сонымен бірге кафедра жетекшісі, шетелдік консультанттармен бірге үш доктарантқа жетекшілік етемін.
– Ғылымда қай тақырыпты зерттеп, зерделеуге мүмкіндік болды?
– Мен жүктілік кезіндегі артериялық гипертензияны зерттеп жүрмін. Сонымен бірге қан қысымы көтерілген әйелдің ісінуі, салмақ қосуын да бақылауға мүмкіндік болды. Диссертация кезінде қандағы гомоцистеин деңгейі тәуекелдің бірі деп қаралды. Мен және менің жетекшім жүкті кездегі гомоцистеин деңгейі преэклампсияға әкеп соғатынын дәлелдедік. Ал қазір екі тақырып зерттеліп жатыр. Осыған ұқсас бәрі. Біз жалпы саны 3 мың жүкті әйелді бақылап, өз тұжырымымызды айтамыз.
– Сіз қазақша сөйлейсіз, қалай үйрендіңіз?
– Біз Қазақстанда тұрамыз, қазақша сөйлеууіміз керек. Әлі де курсқа қатысып, жетілдіре түскім келеді.
– Салада шешімін таппаған кедергі бар ма?
– Қазір орталықтың жұмысы жақсы. Аппараттары заманауи. Дәрігерге де, адамға да жақсы жағдай жасалған. Кейбір тұсын әлі де дамытсақ дейміз. Ол үшін ақша керек. Бірақ тариф төмен. Әр адам үшін МӘМС-тен ақша бөлінеді, бірақ аз. Кейде ақша тақ-тұқ жетеді, кейде шығынды жаппайды. Көп нәрсе ескерілмеген. Бір ауруды емдесек, екінші дертін қоса қараймыз. Сол кезде бір ғана емге ақы бөлініп, екіншісі мүлде қаралмайды. Дамыта түсу үшін қаржы керек. Бізде бір әйелді босандыру 130-140 мың теңге. Сапа үшін тариф құнын да көтеру ұсынылады. Жалғыз мәселеміз осы.
– Әңгімеңізге рахмет.