Жарыстар шағын футбол, голбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, асық ату, бес тас сияқты спорт түрлерінен өткен.
«Жұлдызай» қоры 2016 жылдан бері даму ерекшеліктері бар балалар арасында жарыстар өткізіп келеді. Бұл ойындарға 10-16 жасқа дейінгі балалар қатысады. Биыл да елордаға мүмкіндік тауып, 16 өңірден 500-ден астам бала келгеніне қуаныштымыз. Олардың елорданы көруіне, әлеуметтенуіне және ең бастысы – өздерінің спорттық шеберліктерін көрсетуіне өңірлік спорт, білім басқармалары, әкімдіктер көмектесті. Көптеген балалар елорданы алғаш рет көрді, экскурсиялар өткіздік, барлық жарыстарды Жекпе-жек сарайы, Қазақстан спорт кешені секілді елорданың ең үздік спорт кешендерінде өткіздік», - деді «Жұлдызай» қоры директорының орынбасары Алмагүл Сәлімбаева елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Қор өкілі қоғамға, мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі балалардың спортпен шұғылдануы өте маңызды екенін, бұл денсаулық пен оңалту үшін маңызды екенін атап өтті.
«Ерекше қажеттілігі бар балаларға үйірмелер мен секциялар көбірек ашылуы үшін жағдай жасау керек. Мен бұл мәселеге спорт федерациясының назарын аударғым келеді. Себебі барлық спорт нысандарында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үйірме жоқ. Тіпті осы әдемі Жекпе-жек сарайында мұндай балаларға арналған бірде-бір бөлім жоқ», - дейді А. Сәлімбаева.
Ойындардың аға төрешісі Марғұлан Қияқов та «Жұлдызай» қоғамдық қорының барлық өңірлерден балаларды шақырып, инклюзивті ойын өткізетін жалғыз жоба екенін айтты.
«Бұл жерде тек спорт қана емес, спорттан да маңызды тұстар бар деп ойлаймын. Мысалы балалар үлкен қалаға келеді, мәдениетті орындарға барып, қызықты нәрселерді көреді. Екіншіден, басқа да балалармен танысып, араласады. Содан кейін спорттық жетістіктерді айтуға болады. Мұндай спорттық шаралар жылына бір рет емес, бірнеше рет өтуі керек деп ойлаймын. Өйткені бұл жарыстар балаларды қызықтырып, спортқа баулиды, сол арқылы үлкен дәрежеге жетуге ұмтылады. Алдағы уақытта жарыстың ережесін дұрыстап, нақтылап, келесі жылы бұдан да жақсы өткізуге тырысамыз», - дейді аға төреші.
Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте 16 өңір арасында Алматы қаласы 73 медальмен көш бастады. Екінші орында Павлодар облысы (53), үшінші орында – Ақмола облысы (44) тұр. Үздік бестікті Қарағанды (29), Ақтөбе (34) облыстары түйіндеді.