«Жұлдыздар шеруі-2026»: елордалық мектепте үздік оқушылар марапатталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық № 36 орта мектепте үздік оқушылардың, педагогтер мен ата-аналардың басын қосқан «Жұлдыздар шеруі-2026» салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Іс-шара барысында оқу жылы бойы оқуда, қоғамдық жұмыстарда және шығармашылық жобаларда жоғары нәтижелер көрсеткен 9-10 сынып оқушыларына қалалық колледждерде білім алуға арналған гранттық сертификаттар табыс етілді.

Фото: Астана әкімдігі

Ұйымдастырушылар «Жұлдыздар шеруі» рәсімі жыл қорытындысын шығаратын дәстүрлі шара ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың тұлғалық дамуына, бастамашылығын қолдауға және белсенді азаматтық позициясын қалыптастыруға бағытталған мектеп мәдениетінің маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

Фото: Астана әкімдігі

Оқу жылы ішінде мектеп оқушылары интеллектуалдық конкурстарға, пәндік олимпиадаларға, ғылыми-зерттеу конференцияларына және шығармашылық фестивальдерге белсенді қатысты. Көптеген бала қайырымдылық пен еріктілер бастамаларында өзін көрсете білді, қалалық және республикалық жобаларға қатысып, жоғары жауапкершілік пен әлеуметтік белсенділік деңгейін паш етті.

Фото: Астана әкімдігі

— Кештің ең маңызды сәті — мектептің 15 үздік оқушысына гранттық сертификаттар тапсыру рәсімі болды. Иемденген сертификаттар елорда колледждерінде білім алуды жалғастыруға мүмкіндік береді және балалар үшін жаңа білім беру перспективаларын ашады. Оқушылар үшін бұл болашақ мамандыққа және тұлғалық қалыптасуға жасалған алғашқы маңызды қадам болды, — делінген хабарламада.

Фото: Астана әкімдігі

Рәсімді ұйымдастырушылар талантты әрі мақсатты мектеп оқушыларын қолдау қазіргі білім беру жүйесінің ең маңызды міндеттерінің бірі екенін баса айтты.

Бұған дейін елордалық жас түлектер LRT-да «Ақ бантик» әнін шырқағанын жаздық.