«Жұлдызды гид» шоуын кімдер өткізетіндігі белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 21 ақпанында Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде «Жұлдызды гид» шоуын биыл өткізетін жұлдыздардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 2018 жылғы 21 ақпанда сағат 14: 00-де Дүниежүзілік экскурсия жүргізушілердің күніне орай «Жұлдызды гид» шоу-жобасы өтеді. «Жұлдызды гид» шоу-жобасы Ұлттық музейде биыл үшінші рет өткізілмек. Осы жылғы жобаға еңбек сіңірген қайраткерлер - Айгүл Иманбаева, Айгүл Қосанова, Ардақ Балажанова, Жеңіс Ысқақова, әнші Дос, театр және кино әртістері - Дәурен Серғазин, Нұркен Өтеуілов қатысады. Баршаңызды шақырамыз», - деп жазылған Ұлттық музейдің «Жұлдызды гид» Фейсбук парақшасында. 

Айта кетсек, Дүниежүзілік экскурсоводтар күні жыл сайын 21 ақпанда аталып өтеді. Музей үшін айтулы күнге орай Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі «Жұлдызды гид» шоу-жобасын өткізуді дәстүрге айналдырып келе жатыр. 2015 жылы бастама алғаш қолға алынған кезде музейде экскурсия жүргізушілерінің орнына музей қонақтары үшін Қарақат Әбілдина, Құрмаш Маханов, Қалқаман Сарин, Клара Төленбаева, Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Оразымбетова қызмет көрсеткен болатын.

 

Фото: old.el.kz