***
«Егемен Қазақстан» газетінде жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің көлемді мақаласы жарияланды. Мақалада шекара асып, қарулы қақтығыстар жүріп жатқан Таяу Шығыс елдеріне барғысы келіп жүрген жастарға қатысты мәселе көтерілген.Бұл туралы«Жұмақ іздеп желікпе, туған жерің барында» атты мақалада толық берілген.
Бас басылымда «Азиядағы алып глобус» деген материал басылды. Шымкент қаласындағы №90 орта мектептің оқушылары Орталық Азиядағы алып глобусты 6 айда жасап шығарды. Жер шарының көшірмесін дайындауға аталған білім ұясының 300-ге жуық шәкірті жұмылдырылған.
- Глобустың қаңқасын құрап болған соң, сыртын гипсокартонмен қаптадық. Дайын болған макет қабырғаларын гипспен сыладық. Ал глобустың графикалық бейнесіне қажетті бұйымдар елімізде табылмағандықтан, Ресейден арнайы алдырдық, - дейді глобусты жасаған оқушылардың бірі Заңғар Рахматулла.
Оқушылардың 6 ай бойғы еңбегіне географ мамандар жоғары баға берді. Әсіресе, осы мектептің ұстаздары бұл оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттыратыны сөзсіз дейді.
- Бұл глобус оқушылардың географиялық білімін жетілдіріп қана қоймай, шығармашылығын шыңдауға да мүмкіндік береді. Қазір глобусқа қызыққан балалар сол география пәніне қызығушылық танытып, қосымша сабақтарға қатысып жүр. Қала берді, осы пән бойынша түрлі білім сайыстарына қатысып, өз білімдерін дәлелдеуде. Бізге де сабақ өткізу жеңілдеу болып қалды, - дейді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ерман Оңалбеков.
Айта кетейік, білім ұясында география, жаратылыстану, дүниетану сынды пәндер тереңдетіліп оқытылады. Айтпақшы, алып глобустың салмағы - 1 тонна. Биіктігі 3,5 метр болса, диаметрі 6,5 метрді құрайды.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, қазақ блогерлерінің қол жеткізген жетістігі мен олқы тұстарын сараптайтын дәстүрлі «Блогқұрылтай - 2016: ТАРАЗ» киелі Әулиеата төрінде табысты өтті.
Үш күнге созылған алқалы жиынға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың қатысуы құрылтайдың салмағын одан әрі арттыра түсті. Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен бұл блогқұрылтайға республикамыздың түкпір-түкпірінен 200-ден аса блогер арнайы ат басын бұрды.
Әуелі қонақтар оқу ордасының алдында ұйымдастырылған әулиеаталық қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, күйшілеріміздің күмбірлеген күйлерін тыңдады. Меймандос жамбылдықтардың қазақы үйде жайылған мол дастарқанынан дәм татты. Мұнан кейін блогқұрылтай ресми түрде өз жұмысын бастап кетті. Осы жайында толық білгіңіз келсе, «Ақпаратқа «екі шоқып, бір қара»...» атты мақаланы оқыңыз.
Осы басылымда «Кеңес келелі іске кіріседі» деген мақала жарияланды. Ішкі істер саласында шешімін күткен мәселе көп. Енді оның шешімін табуға таяуда құрылған Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған Қоғамдық кеңес тікелей ықпал ететін болады. Кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде алғашқы баспасөз мәслихатын өткізген Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Қоғамов саладағы өзекті жайттарды атап, оны іске асырудың тетіктерімен бөлісті.
Жыл басында Елбасы жариялаған «100 нақты қадам Ұлт жоспарына» сәйкес «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның талаптары бойынша министрліктің қасынан Қоғамдық кеңесті құру жөніндегі жұмыс тобы мүшелерін сайлау туралы конкурс жарияланған болатын. Конкурс нәтижелері бойынша жұмыс тобы құрылған. Жалпы, кеңес құрамына кіруге ниет білдірген кандидаттан 32 ұсыныс келіп түсіпті. Нәтижесінде белгілі қоғам қайраткерлері, халықаралық және республикалық қоғамдық ұйым өкілдері, құқық қорғаушылардан іріктеліп алынған кеңеске 17 тұлға еніпті. Ал төрағасы болып Қазақ гуманитарлық заң университетінің қылмыстық-процестік зерттеулер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ҒЗИ директоры, ҚР Президенті жанындағы құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов сайланған.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Аты-жөнімізді дұрыс жаза білейік» деген мақала берілген.«Құжаттарға қарап отырсаң, аты-жөні орысша бұрмаланып жазылған адам аттарынан көз сүрінетін. Мысалға Әнуаров - Анваров, Есжанов - Ищаннов, Уәлиев - Валиев, Шөкеновтар - Шокынов болып кеткен. Сол Шокыновтарымыз бүгін ортамызда ай сайын уақтылы зейнетақыларын алып жүр. Жүзі таныс кейбір зейнеткерлерге жолығып қалғанда, «қазір заң өзгерді, аты-жөндеріңізді дұрыстап алмайсыздар ма?» десем, зейнетақысыз қалатындай түсінбестік танытады.
Менің әлі күнге дейін жаныма бататыны өз әке-шешем Сәттібай Оспанов пен Гауһар Сәдуақас кеңес кезінде ауылдық кеңесте жұмыс істейтін құжат толтырушының кесірінен Усманов Сатыбай, Садвакасова Кавкер деп жазылып кеткен. Кейін мүлдем өзгерген аты-жөндерімен зейнет демалысына шықты. Бұл күндері екеуі де бақилық болған. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей, қолдан келері әрдайым аты-жөндерін айтып, құран бағыштап отырамын. Төлқұжатыма әке-шешемнің есімдерін дұрыстап толтырып реттеп алдым», - деп жазады мақала авторы.