Оның сөзіне қарағанда, осындай әрбір жағдай бойынша тыңғылықты әрі объективті қарастыруды қамтамасыз ету қажет.
«Өткен жылы өтінімдерді қарастырудың төменгі сапасы қандай жағдайларға алып келетінін көрдік. Адамдар тыңғылықты әрі түсінікті жауап алмағандықтан, ақырғы қадамдарға барып жатады... Осындай бірнеше наразылық акциялары прокуратура органдарының маңында орын алып, қоғамдық үлкен резонанс тудырды. Осы ретте, өзін өртеп жіберу, аштық жариялау және басқа да наразылықтар болды. Адамдар прокуратурадан ақиқатты іздейді. Сіздер қажетті өкілеттігі бар инстанция болып табыласыздар. Сондықтан да әрбір жеке жағдай бойынша тыңғылықты әрі объективті қарастыруды қамтамасыз ету өте маңызды», - деді Жұмақанов Бас прокуратураның алқа мәжілісінде.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 6 желтоқсаны күні ҚР Бас прокуратурасының бақылау-өткізу пунктінде 1968 жылы дүниеге келген Майра Рысманова өзін-өзі өртеп, қалалық ауруханаға жеткізілген болатын. Кейіннен ол қайтыс болды.
Белгілі болғандай, ұлы Е.Ахметовтің сотталуына келіспеген Майра Рысманованың шағымы Бас прокуратураға 2016 жылдың 28 қарашасында түскен. Шағымдағы дәлелдерді тексеру үшін соттан қылмыстық іс сұратып алынған. Е.Ахметов 2015 жылдың 15 маусымында Шу аудандық сотының үкімімен ірі мөлшерде есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған.