Жұманғарин уақыт белдеуінің шығыс өңірге әсері туралы: жұмыс кестесін өзгертуге болады

Фото: Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бірыңғай уақыт белдеуінің адамдарға әсерін зерттеу мәселесіне қатысты пікір айтты.

— Әлем тәжірибесіне сәйкес Үкімет дұрыс (бірыңғай уақыт белдеуі бойынша) шешім қабылдады деп есептейміз. Оған қатысты біраз дәлел бар, яғни ең танымал халықаралық институттар мен ғалымдар қолдап отыр. 2022 жылы олар Барселона декларациясына қол қойған. 80-нен астам ұйым мен бірқатар ғалым бекіткен. Сол себепті біз олардан артық емеспіз, басқа пікір қоса алмаймын. Үкімет қазір осыған дейінгі шешімін қолдайды, — деді С. Жұманғарин Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол еліміздің шығыс өңіріндегі тұрғындардың бұрынғы уақыт белдеуін қайтару талабына пікір білдірді.

— Жүргізілген талдауға қарасақ, наразылықтың басқа жағы да бар. Яғни қараңғы түскенде елді мекеннің көшелерінде жарықтың болмауы, инфрақұрылымның болмауы, жаяу жүргіншілер жолағының қардан тазаланбауы сияқты проблемалар шешілмеген. Бұл тұрғыда тұрғындарға жағдай жасау керек. Сонымен қатар, ол жақта жұмыс уақытын ерте бастап, ертерек аяқтау бөлігінде өзгеріс жасауға болады. Оның бәрін шешеміз, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Серік Жұманғарин алдағы аптада халықаралық сарапшылар мен отандық ғалымдар халыққа бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты түсінік беретінін айтты.

— Алдағы зерттеуге (Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуінің адамдарға әсері туралы зерттеу) тоқталсам, ол бойынша қандай шешім болатынын нақты айта алмаймын. Зерттеу барысында халықаралық тәжірибені Қазақстанның тәжірибесімен салыстырып шығамыз, — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Еске сала кетейік, биыл 1 наурыздан бастап Қазақстанда уақыт бір сағат артқа жылжыды. 

Осыдан кейін өзгеріске қарсы шыққан қазақстандықтар бұрын қолданыста болған уақыт белдеуін қайтару жөніндегі петиция жариялады.

Ал қараша айында Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуінің адамдарға әсері зерттелетіні хабарланды.

Жақында Парламент депутаттары мүдделі мемлекеттік органдарға бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне қатысты ғылыми-зерттеу жұмысын алдағы жылдың наурыз айына дейін аяқтауды тапсырды.