Жұмыс беруші арыз жазуға мәжбүрлесе – заң не дейді

Фото: Фото: ortcom.kz

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Жұмыс берушілер тарапынан қызметкерлерге қысым көрсету, оларды «өз еркімен» жұмыстан кетуге мәжбүрлеу секілді заңсыз әрекеттер болып тұрады. Мұндай жағдайда көпшілік өз құқығын білмегендіктен, амалсыз көнуге мәжбүр.

Солтүстік Қазақстан облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ольга Гаврик жұмыстан заңсыз шығарған жағдайда қалай әрекет етіп, қайда жүгіну керектігін, құқығыңызды қалай қорғауға болатынын айтып берді.

Адвокаттың айтуынша, «өз еркімен» жұмыстан ктеуге мәжбүрлеу - заңсыз. Қазақстан Республикасының Конституциясына және Еңбек кодексіне сәйкес, әр азаматтың еңбек ету құқығы бар, ал оны шектеу – заңбұзушылық.

Мұндай жағдайда не істеу керек?

Ең алдымен:

- Мәжбүрлі арыз жазудан бас тартыңыз. Арыз тек өз еркіңізбен жазылуы тиіс;

- Еңбек инспекциясына жазбаша түрде шағым түсіріңіз;

Құқықтарыңызды қорғау үшін дәлелдер жинаңыз:

- Еңбек шарты керек (жоқ болса – жазбаша түрде талап етіңіз);

- Жұмысқа қабылдау туралы бұйрық;

- Жұмыс уақыты есебінің табелі;

- Жұмыс берушімен болған әңгімелерді жазып алыңыз (бұл жайлы ескерту жасауыңыз қажет).

Әркім білуі қажет еңбек құқығы бойынша маңызды нормалар:

- ҚР Конституциясының 24-бабының 1-тармағы: «Әркімнің еңбек ету еркіндігіне, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар».

- ҚР Еңбек кодексі (56-бап): Жұмысшы жұмыстан шығатыны туралы бір ай бұрын ескертіп, еңбек шартын өз еркімен бұза алады.

Егер жұмыс беруші еңбек шартындағы талаптарды (мысалы, демалыс бермеу, жұмыс орнын дайындамау және т.б.) бұзса, жұмысшы еңбек шарты талаптарының орындалмағанын ескертуі тиіс. Егер 7 жұмыс күні ішінде ешқандай шара қолданылмаса, жұмысшы 3 жұмыс күн бұрын ескертіп, шартты бұза алады.

Алайда, өз шешіміңізді өзгертуге құқығыңыз бар екенін ұмытпаңыз. Еңбек кодексі қызметкерге өз еркімен жазған арызын қайтарып алуға мүмкіндік береді.

Егер заңсыз жұмыстан босатса не істеу керек?

Келістіру комиссиясына жазбаша арыз беріңіз. Егер комиссия шешімі орындалмаса немесе мәселе шешілмесе – сотқа жүгініңіз.

Сотта жұмыстан заңсыз босатылғаныңызды растап, жұмысқа қайта қабылдау, мәжбүрлі демалыс кезеңіндегі жалақыны және моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюға болады.

2016 жылдан бастап күшіне енген жаңа Еңбек кодексі бойынша:

- Сотқа жүгінуден бұрын міндетті түрде келістіру комиссиясына шағымдану қажет (шағын кәсіпкерлік субъектілері мен заңды тұлға, атқарушы органдардың басшыларынан басқалар).

Комиссия 15 жұмыс күні ішінде шешім шығарып, 3 күн ішінде тараптарға шешімнің көшірмесін беруі тиіс.

Сотқа жүгіну мерзімдері:

Жұмысқа қайта қабылдау туралы даулар бойынша:

Келістіру комиссиясына – 1 ай ішінде;

Сотқа – комиссия шешімі берілгеннен кейін 2 ай ішінде.

Басқа еңбек даулары бойынша – 1 жыл ішінде.

Есіңізде болсын:

Жұмыс беруші заңсыз әрекет жасап, қысым көрсетсе – Қазақстан заңдары сіздің құқығыңызды қорғайды. Ең бастысы – дер кезінде әрекет ету және заң аясында дәлелдері бар талап қою.

Бұған дейін қазақстандықтардың дербек деректерді ұрлатуда ең жиі жіберетін қателіктері туралы жазған едік. 

Сондай-ақ, онлайн-алаяқтық құрбанына айналған жағдайда қалай әрекет ету қажеттігі туралы маманның кеңесін берген едік.