– Еңбек нарығы үздіксіз өзгеріп отырады. Кей мемлекеттер 4 күндік жұмыс аптасын, 4-6 сағаттық жұмыс кестесін енгізіп жатыр. Бұл ұрпақтың ауысуымен байланысты. Яғни белгілі бір құндылығы бар буын еңбек нарығынан кетіп, олардың орнына жаңа ұрпақ келді. Олардың өз талабы мен сұраныстары бар. Олар 30 жыл бұрынғы жұмыс берушінің талаптарына мойынсұна бермейді. Меніңше, алдағы трендте – жұмыс беруші жаңа мамандардың қас-қабағына қарайтын кезең келеді. Өйткені еңбек нарығына мүлдем жас, еркін, құндылығы басқа азаматтар келе жатыр, – деді Ж. Сүлейменова.
Оған қоса, пандемия кезінде онлайн жұмыс реттері енгізілді. Алдағы кезеңдерде геосаяси, экономикалық жағдайды қоспағанның өзінде, ұрпақтың ауысуына байланысты еңбек нарығы, еңбек талабы түбегейлі өзгереді.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Шалқар Байқұлақов 2000 жылдары туа бастаған жастар жыл сайын 300 мыңдап еңбекке араласа бастайтынын айтуда.
– Біз оларға жұмыс орындарын дайындауымыз керек. Зумерлер – бөлек ұрпақ, олардың өз құндылықтары бар. Кешкі алтыдан кейін жұмыс істемейтін, жеке шекарасын қорғайтын, Work-life balance ұстанымымен өмір сүретін буын. Оларға ұрыссаң да, қош айтысып, жұмыстан кетіп қалуы мүмкін, - дейді Ш. Байқұлақов.
Оның айтуынша, 2030 жылға дейін экономикамызға 1,8 млн жұмыс орны керек болады. Оның басым бөлігі – жұмысшы мамандықтары. Сол себепті, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін өсіру қажет.
Еске сала кетсек, елімізде 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды.
Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығындағы жаңашылдықтарға бейімделу үшін елімізде қандай заңнамалық өзгерістер болғанын айтып берді.