Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге зейнетақы төленбеуі мүмкін бе – министр жауабы

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Зейнетке шығып, бірақ жұмыс істеп жүрген азаматтарға зейнетақы тоқтатылуы мүмкін бе? Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жауап берді.

«Өткен жұмада Еңбек ресурстарын дамыту орталығында БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткіздім. Бұл сауал сол кездесуде қойылды, бірақ менің жауабымнан контексті жұлып алған. Мен зейнетке шығудың 2 тәсілі барын яғни ерте және кеш шығу және бұл әзірге ұсыныс екенін айттым. Бұл ұсыныс қазір зейнетақы алып отырған азаматтарға ешқандай кедергі келтірмейді. Олар қалай зейнетақысын алды, қалай жұмыс істеп отыр, солай әрі қарай жалғаса береді», - деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, бұл ұсыныс Үкіметтің қарауына әлі енгізілмеген.

«Қазір болжам жасап, еңбек нарығын қарастырып отырмыз. Биыл еңбек нарығына 300 мың жас келді. Оларға жұмыс орындары да керек. Сондықтан сарапшылар осындай ұсыныс беріп отыр»,-деді министр. 

Айта кетсек, бірер күн бұрын Светлана Жақыпова БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу барысында қазақстандықтардың зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндігі жайлы айтқан еді.

Оның айтуынша, зейнетке ерте шыққысы келетін азаматтардың еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы керек. Сонымен қатар 25 жыл бойы зейнетақы қорына аударымдары болуы тиіс. Сол кезде ол азаматтар зейнет жасын күтпей ертерек зейнетке шыға алады.