Жұмысшы мамандықтар жылы: Еуропалық модельге негізделген Цифрлық құзыреттер банкі құрылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Еңбек күніне орайластырылған «Жұмысшы мамандықтар жылында оқудан еңбекке тиімді көшу үшін серіктестер диалогы — 2025» атты халықаралық конференция басталды. Үш күн бойы қазақстандық және халықаралық сарапшылар жастардың еңбек нарығына шығуына көмектесетін озық тәжірибелерді, саяси тәсілдерді және инновациялық шешімдерді талқылайды. Әсіресе еуропалық ESCO моделіне негізделген Цифрлық құзыреттер банкін енгізуге де баса көңіл бөлініп отыр. Яғни Еуропада маман қалай даярланса, Қазақстанда да сол стандарттар сақталады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев адами капиталды дамыту, заманауи дағдыларды меңгеру және еңбек нарығында өз орнын табу мәселелері қазақстандықтар үшін ғана емес, көптеген елдің жастары үшін аса өзекті екенін жеткізді. Аталған бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Еуропалық білім беру қорының үйлестіруімен «Орталық Азиядағы білікті жастарға арналған диалог пен әрекет» (DARYA) жобасы іске асырылып жатыр.
— Мұндай бастамалар Орталық Азиядағы ортақ білім беру және кәсіби кеңістікті қалыптастыруға ықпал етіп, еңбек нарығын жастар үшін анағұрлым икемді әрі қолжетімді етеді. Бүгінде жастар ел халқының 18 пайызын құрайды, ал жұмыс істейтіндердің ішінде жас мамандардың үлесі — шамамен 38 пайыз. Бұл экономиканың болашағын айқындайтын негізгі күш жас буын екенін көрсетеді, — деді Асқарбек Ертаев конференцияның ашылуында.
Соңғы үш жылда 763 мыңнан астам жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылған, оның ішінде 356 мың адам жұмысқа орналасқан. «Бастау Бизнес» бағдарламасына 110 мыңнан астам адам қатысып, 2,1 мың жас өз ісін ашуға грант алған. Skills.enbek.kz платформасы арқылы 48,3 мың жас қазақстандық цифрлық дағдыларды меңгерді.
Жұмысшы мамандықтар жылында жаңа технологиялық ортада сұранысқа ие қолданбалы құзыреттер мен біліктіліктерді дамытуға баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ІТ-инфрақұрылымды жедел дамыту, жасанды интеллект, автоматтандыру салаларындағы мамандарды даярлау және жаңа технологияларды енгізу жөніндегі басымдықтарды айқындаған еді.
— Бұл білім беру және біліктілік жүйелерін трансформациялаудың стратегиялық бағыттарын айқындайды. Цифрлық экономикада шешуші рөл атқаратын автоматтандыруға төзімді жұмысшы мамандықтарына — құрылысшыларға, инженерлерге, өндіріс саласының мамандарына ерекше назар аударылып отыр.
Мемлекеттік жұмыспен қамту саясаты жұмысқа орналасуға жәрдемдесуден бастап, кәсіпкерлікті дамыту, білім беруді цифрландыру және заманауи стандарттарды енгізуге дейін кешенді түрде жүргізіледі, — деді вице-министр.
Сонымен бірге, Асқарбек Ертаев кәсіби біліктілік жүйесінің дамуы және білім беру жүйесі мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайту жөнінде айтып берді.
— Кәсіби стандарттар құзыреттерге қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді, жұмыс берушілерге бағдар болады және оқу бағдарламаларын жаңартудың негізі ретінде қызмет етеді. Бүгінгі таңда сұранысқа ие 7,8 мың мамандықтың шамамен 60%-ы кәсіби стандарттармен қамтылған. Олардың негізінде 11 мыңнан астам білім беру бағдарламасы өзектендірілді, — деді бірінші вице-министр.
Бұл ретте еуропалық ESCO моделіне негізделген Цифрлық құзыреттер банкін енгізуге де баса көңіл бөлінген. Онда 12 мыңнан астам өзекті құзыреттер қамтылған.
— Біз Еуропа одағымен бірлесіп, Қазақстандағы дағдылар банкін жаңарттық. Дағдылар банкі дегеніміз не, яғни Еуропадағы аспаз маман қандай дағдылармен даярланса, Қазақстанда да сол дағдылармен даярлау көзделген. Жалпы барлық сала бойынша цифрлық әлеуетті күшейтіп жатырмыз. Соның ішінде де жұмысқа орналасу да, жұмыс іздеу де, жаңа мамандық таңдау да, өз дағдыларын арттыру да цифрлық платформада енгізілген. Enbek.kz порталында жұмыс тауып, жұмыс берушімен шараларды нақтылауға болады. Қазір көптеген салада жұмысшы мамандар тапшы деп айтуға болады. Мысалы өңдеу саласында Қарағанды, Павлодар, Атырауда жұмысшы мамандар тапшы, — дейді ЕХӘҚМ Еңбек ресурстарын дамыту орталығының президенті Ерасыл Жұманбаев.
Еңбек ресурстарын дамыту орталының басқарушы директоры Ернат Жүнісов қазір де жұмыс берушілер ЖИ меңгерген мамандарды жұмысқа қабылдағысы келіп тұратынын жеткізді. Сондықтан қосымша білім беру, сертификаттау саласын дамыту керек.
— Әлемдік тәжірибе келешекте мамандардың 50 пайызын қайта даярлауды талап ететінін айтып отыр. Жасанды интеллект десе мамандық жойылып кетеді дейді. Мамандық жойылмайды, мамандықтың ішкі мазмұны жойылады, оған қойылатын талаптар жойылады. Бухгалтерлер көптеген есепті қолмен жазып жүрсе, оны жасанды интеллект жинақтап береді. Сондықтан біліктілік талаптары деп жатырмыз, соның ішіне осы қажеттіліктерді енгіземіз, — деді Ернат Жүнісов.
Кәсіптік біліктілік саласын дамыту бойынша Қазақстан ауқымды жұмыс істеп келеді. Елде әрбір сала бойынша салалық-кәсіптік кеңестер құрылған. Олар еңбек нарығындағы сұраныстарды бір жүйеге келтірумен, кәсіптік стандарттарды әзірлеумен, қандай мамандыққа қандай талап қою керегін анықтаумен айналысады.
— Мұндай бағыт бізде болған емес. 2023 жылы «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қабылданды, содан бастап бәрін бір жүйеге келтіріп жатырмыз. Кәсіптік стандарттар арқылы оқу бағдарламалары жаңартылады, яғни жұмыс берушінің талабы оқу бағдарламаларында ескеріледі. Барлық елде мамандыққа қойылатын талап бірдей болса, біздің елге келген жұмысшылар да, шетелге кеткен қазақстандықтар да ортақ еңбек нарығында жұмыс істей алады, — деп түсіндірді Ернат Жүнісов.
Ал бейресми және формальды емес білім мен дағдыларды объективті бағалау мен тану үшін Кәсіби біліктілікті тану орталықтары жұмыс істейді. Қазіргі таңда ірі жұмыс берушілермен серіктестікте 9 біліктілікті тану орталығы бар.
Өз кезегінде ЕО делегациясының басшысы Алешка Симкич Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту перспективаларына тоқталды. Ол цифрлық, энергетикалық және көлік секторларындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау, білім беру және зерттеу жүйелерін нығайтуға бағытталған ЕО-ның «Global Gateway» стратегиясы аясындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Спикер Орталық Азиядағы өзара іс-қимыл мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аймаққа ұзақ мерзімді пайда әкелетінін жеткізді.
Айта кетейік, жыл басынан бері 297,4 мың азамат, оның ішінде 47,5 мыңға жуық жұмыссыз Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өткені туралы сертификаттар алды.