Жұмыссыз қазақстандықтарға мемлекеттен төлем беріледі
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтардың жұмыстан шығып қалу себептеріне қарамастан міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алу мүмкіндігі бар. Төлем туралы толығырақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры жолдамаларды қарау департаментінің директоры Самал Тоқсанғазина түсіндірді.
– Уақытша жұмыссыз жүрген қазақстандықтар үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем қарастырылған. Оны тағайындау үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу және жұмыссыз ретінде ресми тіркелу қажет. Төлем жұмыстан шығу себебіне қарамастан төленеді және жұмыссыз адамды жұмыс іздеп жүрген кезеңде қолдауға арналған, - деді Самал Тоқсанғазина.
Оның айтуынша, төлем мөлшері әр адамға жеке есептеледі.
– Жұмысшының кейінгі екі жылдағы кірісіне және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Төлем мерзімі – 1 айдан 6 айға дейін. Төлемді алуға өтінішті жұмыссыз ретінде тіркелген кезде enbek.kz және egov.kz порталында немесе мансап орталығында және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы беру мүмкіндігі бар. Одан бөлек халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы да өтініш бере аласыз. Еске салатын жайт, өтінішті жұмыссыз ретінде тіркелгеннен күннен бастап 12 ай ішінде алуға болады. Сіз үшін қорға төленген әлеуметтік аударымдарды enbek.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы және халыққа қызмет көрсету орталығынан білуге болады, - дейді ол.
Еске сала кетсек, елімізде жыл басынан бері 4,7 млн адамға әлеуметтік төлем берілді.
Биыл маусымдағы мәлімет бойынша қазақстандықтар 310 млрд теңге сомада жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алған.