Жұмыс беруші қажетті жұмыс күшін, ең алдымен, ел ішінен іздеуге міндетті

АСТАНА. Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Шетелдік жұмыс күшін тарту жөніндегі рұқсат қағаздарын алғанға дейін жұмыс беруші қажетті жұмысшыны, ең алдымен, ел ішінен іздеуге міндетті.

Бұл туралы бүгін Астанада басталған «Қазақстандағы энергетика апталығы» аясындағы жас мамандарды даярлау конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты,  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ел басшылығының дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында қолға алған іс-шараларының нәтижесінде отандық еңбек нарығы қорғалып келеді. «Былтырғы жылмен салыстырғанда, шетелден тартылатын 3-ші деңгейдегі жұмысшылардың үлес салмағы 60 пайыздан 30 пайызға дейін төмендеп, кәсіби жұмысшыларды іріктеу мәселесі өз шешімін тапты. Ерекше атап өтетін жәйт, жаңа ережелерге сәйкес, жұмыс беруші қажетті жұмыс күшін, ең алдымен,  ел ішінен іздеуге міндетті. Ондай маман табылмаған жағдайда ғана ол шет елден өзіне қажетті жұмысшыны тарта алады», дейді Б.Нұрымбетов.