ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, бүгінде қызметкер зейнет жасына толмаса да жұмыс беруші оған зейнетке толғанда келісімшартты бұзатыны туралы ескерту xаттарын жіберіп жатады.
"Осы мәселеге қатысты дау-дамайлар жиі болады. Себебі жұмыс беруші зейнет жасқа жақындап қалған қызметкерді түрткілеп, уақыттан бұрын мазасын алып жатады. Біздіңше, олай болған дұрыс емес. Этика жағынан да адамды қайта-қайта мазалап отырған орынсыз. Қызметкер зейнет жасына келгенде ескерту xаттарын жіберуге болады. Осыған байланысты тиісті заң жобасына өзгерістер енгізіліп отыр", - деді Н.Әлтаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Айта кетейік, "Халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы Сенаттың талқылауынан өтті. Аталған құжат Президенттің қол қоюына жіберілді.