Жұмыс берушіден кепілдік хаты бар азамат қана «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер болады

АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Келесі жылдан бастап жұмыс берушінің кепілдік хаты бар азамат қана «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткер болады.

Бұл туралы бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен өткен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі комиссияның отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР БҒМ Стратегиялық жоспарлау және ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етті.

Алқалы жиын барысында «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келген азаматтардың жұмысқа орналасу мәселесі көтерілгендігін баса айтқан ол: «Жалпы, келесі жылдан бастап «Болашақ» стипендиясынан үмітті азамат міндетті түрде жұмыс берушіден кепілдік хат тапсыруы тиіс. Стипендия тағайындалғаннан кейін стипения иегері, жұмыс беруші және халықаралық бағдарламалар орталығы арасында үшжақты келісімшарт жасалады», - деді.

Оның пайымынша, шетелде білім алып жүрген болашақ маман өзінің жұмыс берушісінің кім екендігін білуі шарт. Бұл стипендия иегерінің қай тақырыпты оқуы керектігін, ненің өзекті екендігін бағамдауына мүмкіндік бермек.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі отырыс барысында 216 азаматқа «Болашақ» стипениясы тағайындалды.