Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2024 жылға ауыстырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімі 2023 жылдан 2024 жылға ауыстырылады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқылау кезінде палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қорытындысында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған норма екінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылған .

«Депутаттар еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайтуға бағытталған түзетулер енгізді. Заң жобасы аясында жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу мерзімін 2023 жылдан 2024 жылға ауыстыру жөніндегі нормалар көзделген. Бұл ретте осы жарналардың кезеңдік мөлшерлемесін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1,5%-дан 2028 жылғы 1 қаңтардан 5%-ға дейін белгілеу көзделеді. Сонымен қатар, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Салық кодексінде көзделген микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері үшін бірыңғай төлемді төлеу жөніндегі нормаларды енгізу бөлігінде түзетулер топтамасы көзделген», - делінген Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қорытындысында.

Мұнымен қоса, құжатта мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ұсынылатын кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монеталандыру бойынша нормалар көзделді.

«Бұл ретте кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну, оның құнын өтеу тәртібін, сондай-ақ әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталының жұмыс істеу мәселелерін реттейтін ережелерді алып тастай отырып, АӘК-ті тағайындау кезеңінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға әрбір балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем белгілеу көзделеді», - деп аталып өткен комитет мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, аталған заң жобасы аясында депутаттар «жастар» ұғымының жас шегін 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайтуға бағытталған түзету енгізді.