Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді - Бигелді Ғабдуллин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында «CentralAsiaMonitor» басылымының бас редакторы және «Radiotochka.kz» директоры Бигелді Ғабдуллинің ісі бойынша жарыссөз болды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз сөзінде Ғабдуллин кезінде Алматы қалалық мәслиxатының депутаты болғанын, осы уақытқа дейін 3 орден мен 18 медаль алғанын, сондай-ақ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жазғанын еске алып, уақытша қамау абақтысында отырғанда бәрін ой елегінен өткізгені жеткізді. «Адам өлтірген және зорлаған қаскөйлер, ұрылар мен алаяқтардың арасында отырып, мен бүкіл өміріміді қайтадан зерделеп шықтым. 36 жылдың ішінде бес бұқаралық ақпарат құралын құрып, алты республикалық газетті басқардым. Мыңдаған мақалалар, бірнеше кітап жазып шықтым. Суық әрі дымқыл камерада жатып, мен өткен жылдың жұмысын тағы бір мәрте ой елегінен өткіздім. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді. Менің өз қарамағымдағы басылымдарға мемлекеттік ақпараттық тапсырысты ұлғайтуға деген заңсыз әрекеттерімді дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Мен ол басылымдардың қаржылық жағын ғана ойладым. Сөйтіп, өз талаптарымды қойып, қалайша шектен асқанымды байқамай қалдым. Мені ешкім міндеттеген жоқ. Бұл менің жеке шешімім болды», - деді Ғабдуллин. Осыдан кейін ол өз кінәсін мойындағанын, екі баласының кәмелеттік жасқа толмағанын, шығынды толығымен өтегенін, сондай-ақ өзіне шағымданғандардың оны босатуды сұрағанын ескеріп, өзіне қатысты прокурордың айтқан жазасын қолдануды өтінді.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында прокурор Әлібек Айтжанов Ғабдуллинді сот залынан босатуды сұрады. https://kaz.inform.kz/news/prokuror-gabdulindi-sot-zalynan-bosatudy-surady_a2991853  бұған дейін өткен отырыста Бигелді Ғабдуллиннің мүлкі жарияланған болатын. https://kaz.inform.kz/news/sot-gabdullinnin-mulkin-zhariya-etti_a2990981  CentralAsiaMonitor-дың бас редакторы әрі Radiotochka.kz директоры Бигелді Ғабдуллин Астана қаласы Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен  тұтқынға алынған. Ол «Central Asia Monitor» және «Radiotochka.kz» бұқаралық ақпарат құралдарының пайдасына бюджеттік қаржыны алу үшін бопсалау әрекетіне барды деп айыпталып отыр. Сот шешімі ертең қаңтардың 24-і күні шығады.