Жұмыс істеп тұрған полигондар санитарлық нормалар мен ережелерге сәйкес келмейді - Қыдыргелді Байболов

АЛМАТЫ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы облысында 2005-2009 жылдары экологиялық жағдайды жақсарту үшін бюджеттен 649,6 миллион теңге бөлінді. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан "Аймақтағы қалдықтармен жұмыс істеу мәселелері" деп аталатын кеңейтілген мәжілісте айтылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бірқатар аудан орталықтарында полигондар толып кеткен. Ұйымдастырылмаған тұрмыстық қалдықтар ауыл шаруашылығы жерлеріне шығарылған. Ол жерде қалдықтар шіріп немесе өртеліп қоршаған ортаға зиян келтіруде. Сонымен қатар сулармен шайылып қоршаған ортаға таралып жер асты сулары мен су қоймаларын, атмосфералық ауаны ластап, табиғатқа, адам денсаулығына зиян келтіруде", дейді Алматы облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қыдыргелді Байболов. Оның айтуынша, 2005-2009 жылдары облыс бюджетінен 649,6 миллион теңге бөлініп, 3 қала, 5 кент, 2 ауылда қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтауға арналған полигондар салынды. Табиғат қорғау бағдарламасына бюджеттен 2005 жылы 142 миллион теңге бөлінсе, 2009 жылы ол 479 миллион теңгеге жетті. Бұл қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін түсімнің 70-80 пайызын құрайды. Биыл табиғатты қорғау шараларына 224,7 миллион теңге бөлініп отыр.