Жұмыс күшін шет елдерден тартудың соңы тығырыққа тірелетінін ескеру керек - Мәжіліс депутаты

АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Нарықтық экономика жұмыс күшінің сапасына мен білім-біліктілігіне, кәсібилігіне  ерекше талаптар қойып отыр.

Білікті кадрларды дайындау мен қайта дайындау ел экономикасын көтеруде маңызды рольге ие. Ол әсіресе, тап қазіргідей жағдайда өзінің ерекше қажеттілігін көрсетіп отыр. Осы орайда айта кету керек, жұмысшы күштеріне деген жедел түрде өсіп отырған сұранысты отандық жұмыс күшінің есебінен толықтырдық деп айту қиын. Нәтижесінде қазір елімізге шеттен тартылған мамандар саны өсіп отыр. Бұл пікірді бүгін Астанада «Инновациялық экономикаға арналған қазіргі заманғы техникалық және кәсіби білім беру» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты Динар Нүкетаева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, елімізге өзге елдерден тартылған жұмыс күштерінің қомақты бөлігін техникалық және қызмет көрсету саласындағы жұмысшылар құрап отыр. «Әрине, жұмыс күшіне деген тапшылықты шетелдіктердің көмегімен шешу әлдеқайда жеңіл. Бірақ оның соңы мемлекет үшін тығырыққа тірелетінін ескеруіміз керек. Сондықтан бізге   ерекше сұраныс тудырып отырған кадрларды өзімізде дайындауға күш салған абзал. Бұл ретте Мемлекет басшысы бізге кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту туралы арнайы бағдарлама дайындау жөнінде міндет қойды. Бұл орайда Президент мамандар даярлау ісіне шет мемлекеттен шақырылатын ғалымдар мен ұстаздардың мемлекет ерекше қажет етіп отырған мамандарды даярлау саласына тартылуы қажеттігін ескерткен болатын», деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, кадрлардағы қазақстандық қамту ісіне жұмыс берушілер мен олардың қауымдастықтарының өкілдері белсенді түрде қатысулары керек. Өйткені елде дайындалатын мамандар бірінші кезекте сол жұмыс берушілерге қажет.