Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, атап айтқанда көрші елдерден жоғары октанды бензинді қосымша жеткізу үшін топлингтік операцияларды шапшаңдату жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, министрлік облыстарға бензинді жеткізу бойынша кестелерді бекіту жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар, әкімшілік бақылауды күшейту үшін министрлік облыстар бойынша бензиннің қайда және қанша жұмсалғанын қарап отыратын карта әзірлеген. Бұл карта таяу уақытта пайдаланылатын болады. «Бәсекелестікті қорғау агенттігі жанар-жағармай нарығындағы доминанттарды анықтады. Олар үшін табиғи монополияларды реттеу агенттігі бағаларды бекітті. Алайда, мұның салдары жоғары октанды бензиннің жетіспеушілігіне және оның сапасының нашарлауына әкеліп отыр. Себебі, қазір төменгі октанды бензиннен жоғары октанды бензин жасау ұмтылыстары байқалуда», деді министр.
С. Мыңбаевтың сөзіне қарағанда, Қазақстанда жоғары октанды бензиннің шамамен 37 пайызы Ресейден импортталады. Себебі, біздің зауыттарымыз республикамызға қажетті жоғары октанды бензинді техникалық жағынан өндіре алмайды. «Бұл бензиннің Ресейдегі бағасы еркін және бензин үшінші елдерге еркін экспортталуда. Тиісінше Ресейдегі бензиннің бағасы әлемдік рыноктағы бағаға байланысты түзіледі. Біз Ресейден 40 пайызға жуық бензинді импорттай отырып, оның бағасының ықпалынан ауытқи алмаймыз. Ресей мен Қазақстанның жанар-жағармай нарығының өзара ықпалдасуы Кеден одағы құрылғаннан кейін бұдан да айқын бола түседі», деді министр.