Жұмысқа орналасқандар туралы мәлімет қалай автоматтандырылады - министр жауабы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жұмысқа орналасқандар туралы ақпарат қалай автоматтандырылатын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жұмысқа орналасқандар туралы ақпаратты автоматты түрде қайта тексеру тетігін енгізу мақсатында келесі жұмыстар жүргізіледі: Қаржы және Индустрия министрліктерімен бірге салық, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу, сондай-ақ қазақстандық үлесті тексеру үшін автоматтандырылған бақылау орнату бөлігінде ақпаратпен алмасу ұйымдастырылады. Өз кезегінде, Еңбек министрлігі тарапынан бір адамды қайта-қайта енгізуге жол бермеу және еңбек келісімшарттарын тіркеу бойынша ақпараттық жүйені жетілдіру жұмыстары жүргізіледі», - деді ол.

Осы орайда министр жергілікті атқарушы органдар қарастырылған шараларды іске асыруды қатаң бақылауды және тексеруші органдардың міндетті зейнетақы жарналарын, салық төлемдерін растау бойынша өзара іс-әрекеттерін қамтамасыз етуі керектігін баса айтты.

«Жоғарыда аталған барлық шара Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру аясында нақты жұмыс орындарын құруға бақылауды күшейтуге және ашықтықты арттыруға мүмкіндік береді», - деді Серік Шәпкенов.