«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы 100 мың қазақстандықты еңбекпен қамтыды - Г.Әбдіқалықова

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бергі уақытта шамамен 100 мың қазақстандық еңбекпен қамтылды.

Бұл туралы бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісінде ведомство басшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

Бұл ретте бағдарламаға қатысуға 110 мың адамның ниет танытқандығын баса айтқан министр: «Әлеуметтік келісімшарт жасасқандардың 66,7 пайызы - жұмыссыздар, 29,2 пайызы өзіні өзі жұмыспен қамтығандар және 4,5 пайызы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар. Бағдарламаға қатысушылардың жартысынан астамы (57 пайызы немесе 63 мың адам) 29 жасқа дейінгі жастар», -деді.

Сонымен қатар Г.Әбдіқалықованың атап өтуінше, бағдарламаны жүзеге асыруға шамамен 100 млрд. теңге бөлінген. Бюджет қаражатының жартысынан астамы қазірдің өзінде толығымен игерілген.