«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясындағы жұмыс орындары гастарбайтерлерге емес қазақстандықтар үшін құрылады - Мемлекет басшысы

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат  /Марлан Жиембай/ -  «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясындағы жұмыс орындары гастарбайтерлерге емес қазақстандықтар үшін құрылады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы кадрлардың шынайы қажеттілігін ескерусіз жүзеге асырылуда»,-деді Елбасы.

Мемлекет басшысының пайымынша, бұл орайда, басты критерий қанша жұмыс орнының құрылғандығында емес, қанша қазақстандықтың шынайы жұмыс орнына орналасқандығында әрі қандай кадр тапшылығы бар екендігінде болуы тиіс.

Елбасының атап өтуінше, мәселе еліміздегі жоғарғы оқу орындарына да тікелей байланысты. Үкімет жоғары оқу орындарына, Білім және ғылым министрлігіне қазіргі уақытта әрі болашақта қандай мамандық иелерін дайындау керектігіне тапсырыс беруі керек. «Өйткені, бұл жұмыс орындарын біз гастарбайтерлерге емес қазақстандықтарға құрамыз»,-деді Президент.