«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы қарапайым ауыл адамдарының несие алып, өз шаруасын түзеуіне мүмкіндік берді - БҚО

None
ОРАЛ. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Зеленов ауданында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес Белес ауылының тұрғындары Марина Аманқұлова, Махамбет Тоқсанов, Бекен Сақыпов және бес адам бірігіп, «Гүлдарина» атты несие серіктестігін құрды.

Марина отбасымен Қазақстанға 2006 жылы Астрахан облысынан көшіп келді. Жұбайы қайтыс болып, қиындықтарға тап болды. Қазір бұл ауылда балаларымен пәтерде тұрады. Баспана сатып алуға қомақты қаржысы жоқ. Ендігі үміті - осы кәсіпкерлігінде. Жігіт болған екі баласы құрылыста жұмыс істейді. Қолдары тигенде ауылға келіп, анасына шаруашылыққа көмектеседі. Негізі бес баласының екеуі аяқтанған.

Ақ жарқын мінезді Маринаның айтуынша, несиені тамыз айында кештеу алған. Несие қаржысына бес сиыр сатып алды. Басында малға қоса үйрек-қаз алып өсіреміз деп жоспарлаған. Енді алдағы жылы сүт және сүт өнімдерін сатудан тапқан табысына үй құстарын да сатып алуды ойлайды. Бүгінде ауылдастарына және қалалықтарға айран, сүт, ірімшік сатады. Шаңырағында ер-азаматы жоқ әйел адамға малдың жемшөбін дайындау оңайға түспеген. 145 бума шөптің әрқайсысын 3 мың теңгеден, барлығы 12 тіркеме шөп, 4 тонна жем сатып алды. Марина 20 ай бойы несиенің пайызын жабады, бір тоқсан үшін 30 мың теңге төлейді. Одан кейін үш жыл бойына негізгі қарызды жабуға кіріседі. Бір тоқсанға ол 270 мың теңге төлеуі керек. Бірақ оған дейін малы көбейіп, табысы молаяр деген үміті зор. «Үш жылдың үстіне екі жыл қосып берсе» деген ұсынысы да бар.

-Бағдарлама ауыл тұрғындарының несие алып, шаруасын жүргізуіне мүмкіндік беріп отыр. Тек заңның кейбір шикі тұстарын илеуден өткізсе болар еді. Мысалға, біз сықылды мал өсіретіндерге несиенің негізгі бөлігін қайтару мерзімін үш жыл емес, бес жыл қылғанда жақсы болар еді. Өйткені малдың төлі өсіп, пайда әкелуі үшін екі-үш жыл аздық етеді, - дейді Марина. Бұрынғыдай жұмыссыз болғаннан ол қазіргі тірлігіне шүкіршілік етеді. Қазір үйдің берекеті кіріп, дастарқан молайып, отбасы несібесі молая түсті.

Бекен Сақыпов бағдарлама бойынша қол жеткен несиесіне екі сиыр, екі баспақ сатып алды. Оның отбасы да сиырларды сауып, сүт өнімдерін молынан тұтынып отыр. Оның сыртында үш жылдан бері салулы тұрған, бірақ құрылысы толық бітпеген 25 сотық жерімен, 300 шаршы метрлік монша ғимаратын сатып алды. Бұған 1,5 млн. теңгесін жұмсаған. Қазір сол ғимараттың ішін жөндеуде. Барып көзімізбен көрдік, бір жағы - дәмхана, екінші жағы - тойхана, олардың жөндеу жұмысы аяқталмаған. Бұлардың жөндеу жұмыстарын жазға салым бітіріп, іске қосу жоспарланған. Ғимараттың ортасындағы моншаның жөндеу жұмыстары аяқталды. Бекен ағаның айтуынша, енді қабылдау актісіне қол қойылуы тиіс. Моншаның суы қосылып, жылу құбыры тартылып, газ қазандығы сатып алынып орнатылуда. «Тәуелсіздік мерекесі күніне ауылдастарыма монша жағып, үш күн тегін қызмет көрсетеміз», - деп қояды ол.

«Гүлдаринаның» үшінші мүшесі Махамбет Тоқсанов та серіктестері Марина мен Бекен аға секілді 3 млн. теңгеден несие алды. Несиесіне трактор алуға қам жасаған. «Жаңа трактор 6,5 миллионға шығады. Сондықтан жаңа болмағанмен, көп пайдаланыла қоймаған техниканы Беларусьтен күтіп отырмыз. Оның жарты ақшасы төленген», - дейді ол. Трактордың алдында жүк тиегіші бар. Онымен ауылды тазалап, қоқыс шығарып, жер қазу жұмыстары атқарылмақ. Махамбет ағаның шаруа қожалығы бар екен. Содан жер бөліп, «Гүлдарина» НС-ның 8 мүшесі бақша еккен. Аудан әкімі Марат Оңғарбеков оларға өз көмек-қолдауын көрсеткен. Әкімнің көмегімен Ресейдің Самара қаласынан тұқымдық картоп әкелініп, «гүлдариналықтарға» қарызға берілді. Әнебір молшылыққа кенеле қоймағанмен, өз отбасыларын қамтитын картоп алды. Несие серіктестігінің өзге мүшелері несие ақшаларына мал сатып алды. Аз-мұз ақшаға барлығы да үй құстары - үйрек, қаз өсіруде.

-Үкіметтің бағдарламасына ризамыз. Қиын болғаны несиеден үмітті адамның малы болмауы керек деп талап етілгені. Бірақ жарғылық жарна үшін шотқа 300 мың теңге салу сұралды. Сондықтан наурызда пайызбен қарызға ақша алып, шотымызға салып қойдық. 4-5 айға ертерек алыппыз. Бірақ соған қарамастан біз аудан, ауыл әкімдіктеріне көмек-қолдау көрсеткені үшін алғысымызды білдіреміз. Ауыл әкімі Адам Имашев жанармай, трактор тауып беріп, көмегін берді, - дейді олар.