«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына ауыл инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жаңа бағыт енгізіледі

АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құруды және ауылдағы инфрақұрылымды дамытуды қарастыратын жаңа бағыт енгізілмек.

Бұл іс-шараларды іске асыруға 10 млрд. теңге бөлінеді, деп хабарлайды pm.kz сайты.

Елбасы Н.Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында халықты жұмыспен қамту бағдарламасын кеңінен іске асыру жөніндегі міндет қойды.

«Үкіметке және әкімдерге ағымдағы жылдан бастап осы бағдарламаны кеңінен іске асыруды міндеттеймін», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, бағдарламаға ауылдағы инфрақұрылымдық  жобаларды дамытуды қарастыратын төртінші бағыт енгізілетін болады.

Ведомстводан хабарлағандай, ауылдық жерлерде әлеуметтік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды жөндеу және жаңаларын салу, ауылдарды абаттандыру шаралары қарастырылып отыр. Атап айтқанда, коммуналдық-инженерлік, инженерлік-көлік инфрақұрылым нысандары (су құбырлары, кәріз желілері, газбен, жылумен, электр қуатымен жабдықтау жүйелері, жолдар) жөнделеді. Оған қоса, әлеуметтік инфрақұрылымдарды - білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт және демалыс нысандарын жаңарту жоспарлануда.

Ауылдарды абаттандыру ісіне «Жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысушылар жұмылдырылмақ, яғни бұл шара ауылдың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін болады.

Жұмыспен қамту бағдарламасының шараларымен 2015 жылға дейін 1,5 млн. адамды қамту жоспарлануда. Бағдарламаны іске асырудың арқасында кедейшіліктің деңгейі 6 пайызға дейін төмендейді, ал жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайтын болады.