«Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының қаражатын тиімсіз жұмсаған шенеуніктер жұмыстан кетуі мүмкін

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында жүргізілген тексерістердің нәтижесі жан-жақты қаралып, орталық және жергілікті билік органдарына тиісті тапсырмалар берілді.

Қазіргі кезде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында 39,1 млрд. теңгенің тәртіп бұзушылықтарын анықтап отыр. Оның басым бөлігі - құжатты уақытында тапсырмау, игерілмеген қаржыны қайта қайтару, келісім-шарттарды дұрыс рәсімдемеу сияқты заң бұзу оқиғалары. Алайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау әрекеттері де болған. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаев орталық және жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырма берді. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын іске асыру кезінде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берген лауазымды тұлғалар қатаң тәртіптік жазаға тартылсын, тіпті олардың өз қызметтеріне қаншалықты сай екендіктерін жан-жақты тексеріп шығу қажет», - деді Е.Орынбаев.