Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында жастар жұмысқа тұрып, жатақханамен қамтамасыз етіледі
Иә, елімізде жұмыс бар, дегенмен білікті маманның жоқ екендігі шындық. Сондықтан да Үкімет өткен жылдан бері «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын әзірлеп, жұмыссыздардың білімі мен біліктілігін арттырып, еліміздегі бұл көрсеткішті барынша қысқартуға тырысып-ақ келеді. Міне, қолға алынғанына не бәрі 1 жыл болған осы бағдарлама бүгінде өз жемісін бере бастады десек, артық емес. Мәселен, ресми статистикалық деректерге қарағанда 2010 жылы еліміздегі жұмыссыздар саны 5,8 пайыз болса, бағдарлама қолға алынған жылдың өзінде-ақ бұл көрсеткішті 0,4 пайызға төмендетуге мүмкіндік болды. Ал биылғы жылдың үш тоқсанының қорытындысына сәйкес жұмссыздық деңгейі тағы да 0,2 пайызға қысқара түсті. Демек, нәтиже бар, ендеше бағдарламаның кемшін тұсын күзеп, қателігін түзеп, одан әрі дамыта түсу дұрыс болмақ.
Бүгін Үкіметтің кезекті селекторлық режімдегі отырысында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының ауқымды түрде жүзеге асырылу нәтижелері мен келешектегі бағыттары жан-жақты талқыға түсті. Айта кетерлігі, бағдарламада көзделген міндеттерді жүзеге асыру барысында 2016 жылға қарай кедейлік деңгейі 8,2-ден 6 пайызға төмендейді, жұмыссыздық деңгейі 5,5 пайыздан аспайтын болады, жұмыспен қамтылған халық құрамындағы өз бетінше жұмыспен айналысушылардың үлесі 33,3 пайыздан 26 пайызға төмендейді деп көрсетілген болатын. Бұған республикалық бюджеттен бөлінген қаржы да мол. Мәселен, 2011 жылға - 37,4 млрд. теңге, 2012 жылға - 62,3 млрд. теңге, 2013 жылға - 71,6 млрд. теңге, 2014 жылға - 71,9 млрд. теңге.
Үкімет отырысына келер болсақ, негізгі баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің атап өтуіне қарағанда, бағдарламаның алғашқы нәтижелері жаман емес. Мәселен, өткен жылы мемлекеттік қолдау шараларының 58,6 мың адамға шапағаты тисе, оның 35 мыңы жұмыссыздар, 3 мыңы күнкөрісі төмендер, ал қалғаны турасын айтқанда өз күнін өзі бетімен көрушілер. Ал ағымдағы жылдың 11 айында осы көрсеткіштер 1,7 есеге артып отыр.
Жалпы бағдарламаның өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу бағытында кәсіптік оқумен барлығы 63 мың адам қамтылып, жұмысқа орналасу көрсеткіші де едеуір артты. Өткен жылы біліктілігін арттырған азаматтардың тең жартысы ғана жұмысқа қабылданса, ағымдағы жылы олардың 81,3 пайызы тұрақты табыс көзіне ие болды. әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы бойынша өткен жылы небәрі 16,2 мың адам жұмысқа тартылса, ағымдағы жылы 51,6 мың адам табыс тапты. Дегенмен бұл бағытта кемшіліктер де бар. Оның ең бастысы, мамандықтың жұмыс берушінің талабына сай келмеуі болып отыр. «Оқытылатын мамандықтардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмеуі бағдарлама қатысушыларын жұмысқа орналастыру мүмкіндігіне теріс әсер етеді. Бұл проблеманы оқу орындары мен бағдарлама қатысушыларын жұмыс берушілердің өздері таңдау арқылы шешкен жөн деп санаймыз», - деді министр.
Оның атап өтуінше, бағдарламаның ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу атты екінші бағыты аясында 6 мыңға жуық адам кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, 6,2 мың адам шағын несие алған. Осыған орай несие көлемі де 3,5 есеге артып, 12,4 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен біршама жоғары. Мәселен, өткен жылы 4,7 мың адам оқытылса, 1,4 адам ғана шағын несие алған болатын. «Осы бағытта орын алған проблемалардың бірі кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріндегі сәйкессіздік болып отыр. Яғни, шағын несиелер, мәселен, одан әрі өнімді өңдеу және өткізу мәселелерін қарастырмастан мал шаруашылығын дамытуға берілуі мүмкін. Осыған орай бөлінетін қаражаттың тиімділігін арттыру мақсатында әрбір аудан деңгейінде кәсіпкерлікті дамыту картасы әзірленетін болады», - деді ол. Айта кетерлігі, осы бағдарлама аясында экономикалық әлеуеті төмен ауылдарды көшіру қарастырылған болатын. Жалпы елімізде ресми деректерге қарағанда, дәл осы санатқа жататын шамамен 77 мың адам тұрып жатқан 402 елді мекен бар.
Ал еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бағытында 2 жыл ішінде 1,9 мың адам көшіріліп, жұмысқа орналастырылған. Бұл отбасы мүшелерін қоса есептегенде 6,4 мың адамды құрайды. Дәл осы үшінші бағытқа министр екі толықтыру енгізу керектігін алға тартып отыр. «Біріншісі - жастарға жатақхана беру. Бұл жерде міндетті талап еңбек шартының болуы және тұрғын үй жинақтары жүйесіне қатысу болып табылады. Яғни, келешекте жастар қаражат жинақтап, өздеріне тұрғын үй сатып алатын болуы керек, - деді С.Әбденов. - Ал екіншісі - мемлекеттік жеке әріптестік тетіктерін енгізу. 2013 жылы қанатқақты өңірлерде қызметтік тұрғын үйлер салу және оларға адамдарды орналастырудың кемінде 10 пайызын жұмыс берушінің қаржыландыруы арқылы жүзеге асыру жоспарлануда».
Ал бағдарламаның төртінші ауылдық елді мекендерді дамыту бағытында биылғы жылы елді мекендерде 7,3 мың жұмыс орны құрылып, оған 4,4 мың бағдарлама қатысушысы орналасты. Қолға алынған барлық 535 жоба толығымен аяқталды. Осы ретте ағымдағы жылы бұл бағытқа республикалық бюджеттен 9,9 млрд. теңге бөлінгендігін атап өткен министр: «Бұл жерде бөлінген қаражаттың тиімділігін арттыру мақсатында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін енгізуді ұсынамыз. Бұл кемінде әлеуметтік жауапты кәсіпкерлердің, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің 10 пайыз қоса қаржыландыруы дегенді білдіреді». - деді.
Отырыс қорытындысына бағдарламаның жүзеге асырылуына жауапты бірқатар азаматтың пікірін білген Үкімет басшысы Серік Ахметов: «Талқылауларды ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен тиісті мүдделі органдардарға «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына өзгерістер енгізуді жеделдетуді тапсырамын. Атап айтқанда, жүзеге асыру барысындағы шаралардың тиімділігіне баса назар аударып, қатаң бақылау болуы тиіс», - деді.