ОРАЛ. 24 мамыр. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша «Сырым өнімдері» несие серіктестігі 30 млн. теңге несие алып, «Тоқсаба» ЖШС-ны құрды.
Серіктестік «Мерей» мейрамханасының құрылысын аяқтап, пайдалануға берді.
Оның ашылу рәсімінде Сырым ауданы әкімінің орынбасары Әділ Жоламановтың атап өткеніндей, осымен ауданда тағы бір халыққа қызмет көрсету нысаны іске қосылды. Өткен жылы аудан бойынша несие серіктестіктеріне 215 млн. теңге берілген еді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ.
«Сырым өнімдері» несие серіктестігінің басшысы Мырзағұл Рахымжановтың сөзіне қарағанда, тоғыз айда бой көтерген мейрамханаға 11 адам жұмысқа тартылды. Бұл ретте көп балалы отбасылар мүшелерін жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ 5 даяшы, 4 аспаз, 2 күзетші, жүргізуші, ыдыс жуушы, еден жуушы сынды қызметшілер бар, олар да аз қамтылған отбасылардан, айлық еңбекақылары 30 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін. Мейрамханада тұрғындар түсте және кешкі уақытта тамақтана алады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).