Жұмыспен қамту бағдарламасын жан-жақты ақпараттандыруға күш салынатын болады - Е. Досаев

АСТАНА. 23 қазан. ҚазАқпарат - Жұмыспен қамту бағдарламасын жан-жақты ақпараттандыруға күш салынатын болады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев мәлім етті.

Тоқтала кететін жайт, бюджет жобасын талқылау барысында депутат Серікбай Нұрғисаев жұмыспен қамтудың жол картасына тоқтала келе, бұл бағытта бірқатар кемшіліктер орын алып отырғанын алға тартты. «Үкімет осы бағдарламаны жүзеге асырудың тиімділігін арттыру, қаражатты ұтымды пайдалану үшін қандай шаралар қабылдамақ?» - деді С. Нұрғисаев.

Өз кезегінде экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев халықты жұмыспен қамту бағдарламасында проблемалардың бар екенін мойындады. «Үкімет ондай олқылықтарды жоюды қолға алып жатыр. Ал қандай шаралар атқарылады дегенге келсек, ағымдағы жылдан бастап бағдарламаға қатысушылардың жұмысқа орналасуы бойынша алдыңғы жылдардың қорытындыларына байланысты қаражаттар бөлу қарастырылады. Екіншіден, 2014 жылдың бюджет жобасында белгілі бір жобаларға қатысты тек құжаттардың топтамасы толық дайындалғаннан соң ғана жергілікті атқарушы органдар тарапынан бірлесе қаржыландыру мөлшері 10 пайыздан кем болмайтын деңгейде қаражат көзделіп отыр. Үшіншіден, біз ақпараттандыру жұмыстарын жаңа форматпен өткізгелі отырмыз. Бағдарламаға енгізілген өзгерістер, жаңа тәртіптер мен ережелер бойынша ауылдық әкімдерден бастап, жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін арнайы курстардан өткіземіз», - деді Е. Досаев.