Жұмыспен қамту органдарында 60,4 мың адам ресми тіркелді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Республика экономикасында 2014 жылғы сәуірде, бағалау бойынша 8,6 млн. адам жұмыспен қамтылды.

Өткен жылғы сәйкес кезеңге қарағанда олардың саны 66,6 мың адамға немесе 0,8%-ға көбейді. Жалдамалы қызметкерлердің саны аталған кезеңде 6,0 млн. адамды (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 69,6%) құрады.

«2014 жылғы сәуірде жұмыссыздар саны, бағалау бойынша 465,8 мың адамды, жұмыссыздық деңгейі 5,1% құрады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2014 жылғы сәуір айының соңына 60,4 мың адам («Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасына қатысатындар құрамына енгізілген азаматтардың есебінсіз) ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздар үлесі экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 0,7%-ын құрады (2013 жылғы сәуірде - 0,7%)», - делінген ҚР Статистика агенттігінің мәліметінде.

2014 жылғы 1 сәуірге бағалау бойынша жасырын жұмыссыздық деңгейі экономикалық тұрғыда белсенді халықтың 0,4%-ын құрады.